Шығыс Қазақстан облысы Алтай аймағында технологиялық жол бойындағы өзен жасыл түске боялды. Жергілікті тұрғындар бұл Алтайдағы"Қазмырыш" компаниясына тиесілі байыту фабрикасының шөгінді тұндырғысынан шыққан су дейді. Алайда "Қазмырыш" мұны жоққа шығарды, деп жазады malim.kz порталы.
Малеевск ауылына апаратын технологиялық жолдың жанындағы өзеннің жасылға айналғанын байқаған тұрғындар оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде бөлісіп жатыр. Тұрғындар Березовка өзеніне қосылып, Бұқтырмаға құятын бұл өзеннің суы улы химикаттардан жасыл түске боялды деп алаңдайды. Құрамында химиялық қалдықтары бар мұндай улы су бай флора мен фаунаға айтарлықтай зақым келтіруі мүмкін дейді. Жергілікті Alva TV тілшілері өзенді дроннан түсіріп, оның қалдық қоймадан бастау алатынын анықтады.
Жергілікті тұрғындар Алтайдағы "Қазмырыш" тау-кен металлургиялық компаниясына кіретін «Алтай» байыту зауыты фабриканың қоқыс сақтау қоймасының кесірінен өзен түсін өзгерткен деп санайды.
Алайда "Қазмырыш" оған қатысымыз жоқ дейді:
«Алтай тау-кен байыту кешенінің байыту фабрикасы штаттық режимде жұмыс істейді, өндіріс технологиясында өзгерістер болған жоқ немесе төтенше жағдайлар да болған жоқ. Су тасқын кезінде мемлекет рұқсат еткен көлемде ғана шығарылуда», - деді «Қазмырыштың» қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы Евгений Фоминых «Устинка Live» порталына берген сұхбатында.
Alva TV корреспонденттерінің айтуынша, бұл жағдай қаланың қоғам қайраткерлері мен прокуратурасының бақылауына алынды. Олардың бастамасымен облыстық экология департаментіне үндеу жіберілді. Шығыс Қазақстан облысы экология департаментінің қызметкерлері тексеріс жүргізе бастады. Өзеннің бірнеше жерінен сынама алынып, "Қазгидрометке" тексеріске жіберілді. Тексеріс нәтижесі бірнеше күнде дайын болады.