$ 494.87  520.65  4.91

«Павлодарда өрттен қаза болғандардың барлығы бір отбасының мүшелері» - ТЖД

9 мамыр күні көпқабатты үй пәтерінен шыққан өрт салдарынан 4 адам қаза тапқан болатын.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Қаза болғандардың барлығы бір отбасының мүшелері, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Онлайн өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы ТЖД басшысының орынбасары Мейрамбек Батырқұлов Қамзин көшесі, 364 мекенжайындағы 10 қабатты үйдегі 3 бөлмелі пәтерден өрт шыққанын атап өтті.

«3-қабаттағы 3 бөлмелі пәтерде 70 шаршы метр аумақта үй заттары, жиһаздар жанған. Өрттің ошағы жатын бөлме болған. Өрт кезінде 4 адамның мәйіті табылды. Олардың бәрі бір отбасының мүшелері. 1948 жылғы, 72 жастағы Виктор есімді ер адамның денесі 3-қабаттағы лифттің жанынан табылды. Ал оның жұбайы, 1952 жылғы Нина пәтердің жатын бөлмесінен табылды. Оның денесі жанып кеткен. Сондай-ақ қыздары, 1991 жылғы Людмиланың денесі 9-қабаттың баспалдағынан, 2018 жылғы немерелерінің денесі 7-қабаттың баспалдағынан табылды», - деді Мейрамбек Батырқұлов.

Мейрамбек Батырқұловтың айтуынша, қыздары мен немересі өрт пайда болғаннан кейін пәтерден шығып, төменгі қабаттағы түтін қатты болғандықтан үстіңгі қабатқа қарай қашқан болуы мүмкін. Түтінге уланғандықтан әлсіреп, кішкентай қыз жолда қалып, Людмила үстіңгі қабатқа барып құлауы мүмкін.

Департамент өкілдері отбасы ұйықтап жатқандықтан өрттің шыққанын кеш білген деген болжам бар екенін айтты.

Сонымен қатар, алдын ала болжам бойынша өрттің шығу себебі де аталды.

«Бұл отбасы пәтерді 2019 жылдан бастап жалдап тұрады. Көршілерінің айтуынша, отағасы Виктор кей кездері спирттік ішімдік пайдаланып тұрады. Дегенмен пәтерден спирттік бөтелкелер табылған жоқ. Темекі қабы табылды. Өрттің шығу себебі темекі тартудан болуы мүмкін. Темекіні пәтер ішінде, төсекте шегіп, өшірілмеген тұқылынан тұтануы мүмкін», - деді Мейрамбек Батырқұлов.

Құтқарушылар өрт шыққан үйден 25 адамды эвакуациялаған. Оның төртеуі - бала. Сондай-ақ өрт сөндірушілер пәтердің терезесіне жақындау үшін бөгет болған көліктерді қолмен жылжытуға тура келген.

Еске салайық, Павлодар қаласы, Қамзин көшесі, 364 мекенжайы бойынша орналасқан 10 қабатты үйдің 3-қабатындағы пәтерден шыққан өрт салдарынан 4 адам қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз. Оқиға 9 мамыр күні болған.

Оқиға орнына ТЖД 24 қызметкері мен 9 техника жұмылдырылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары