Бір әйелдің қайтыс болуы мен екі ер адамның жансақтау бөліміне түсуіне алып келген Шығыс Қазақстандағы өртке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды sputnik.kz облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Аталған факті бойынша Риддер қаласының полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 204-бабы, 2-бөлігі (отқа ұқыпсыз қарау арқылы жасалған бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, 10 мамырда Шығыс Қазақстанда орман өртенді. Риддер қаласы маңындағы өртте Лесхоз елді мекенінің бірнеше үйі жанып кетті.
Өрт салдарынан бір әйел адам көз жұмды және қазіргі кезде 35 үйдің күлге айналғаны белгілі болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысында өрттен зардап шеккендерге тиісті деңгейде көмек көрсетуді тапсырды.
Сондай-ақ, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жанындағы дағдарыс орталығында жедел штаб құрылды.