Грузияда қайтыс болған қазақстандық Әсел Айтпаеваның мәйіті елге жеткізілді. 12 мамырда туыстары Нұр-Сұлтандағы әуежайда мармқұмның денесін күтіп алды, деп жазады Азаттық.
26 жастағы Әсел Айтпаева мамыр айының басында Грузия астанасы Тбилисиде белгісіз жағдайда қайтыс болған. Қазақстан СІМ оның Тбилисиде уақытша тұрып жатқан көпқабатты ғимараттың 9-қабатынан құлағанын айтқан. Тергеу органдары қыз өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін деген болжамды да қарастырып жатыр.
Әсел Айтпаеваның нағашы әжесі Рысбала Қабиденова тергеу органдары алға тартып жатқан "суицид туралы" нұсқамен келіспейді.
"Оның өзіне қол жұмсауы мүмкін емес. Тергеу әділ жүргізіліп, кінәлілер табылып, жазалансын" деді ол Азаттық тілшісіне.
Бұған дейін грузин полициясының "зорлау" және "өзіне қол жұмсауға итермелеу" баптары бойынша 57 жастағы грузин азаматы Бесик Тордуаны ұстағаны хабарланған еді. Оған 8-10 жыл аралығында түрме жазасы қаупі төніп тұр.
Осыған дейін грузин ақпарат құралдары қыз көз жұмбай тұрып жазылған болуы мүмкін аудиожазбаға назар аударған. Журналистердің пікірінше, аудиода "Бесик Тордуа қызға тіл тигізіп, ұрып, өзіне қол жұмсауға итермелеген".
Sputnik Грузия сайты 11 мамырда Бесик Тордуаның адвокатына сүйене отырып, Тордуа мен Әсел Айтпаева арасында ұрыс-керіс болмағанын, екеуінің үйленуді жоспарлағанын жазды. Қорғау тарабы мұны дәлелдейтін айғақтар да барын айтқан.
Адвокат ақпарат құралдарына қыздың Тордуаның үйінде өз еркімен тұрғанын, оны Қазақстаннан келген басқа бір жігіттің зорлағанын айтқан. Алайда марқұмның туыстары бұл ақпаратқа күмән келтіреді.