$ 444.22  476.38  4.82

«Жылқы қиынан қағаз жасаймыз»: Оралдық оқушылар жаңа әдіс ойлап тапты⠀

Жас өнертапқыштар осы өнертабысымен халықаралық ғылыми жобалар конкурсында жүлделі орынға ие болды.
фото: azattyq-ruhy.kz
фото: azattyq-ruhy.kz

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Әдия Ағеділова мен Әсима Амангелдина  жылқының көңге айналған қиынан қағаз жасау технологиясын ойлап тапты. Жас өнертапқыштар аталған жобамен INSPO халықаралық ғылыми жобалар конкурсына қатысып, ІІІ орынға ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy .

Ғылыми жобалар сайысы 2007 жылдан бері Түркия ұйымдастырып келеді. Оралдық жас зерттеушілердің еңбегі табиғи қорды сақтау, қалдықты қайта өңдеуге бағытталған.⠀

Жылқы көңі негізінен ағаш құрамында кездесетін целлюлозадан тұратынын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Жоба авторларының айтуынша, қажетті материалдарды синтездеу үшін жануардың қалдығы және қажетті ағаш массасын бөліп алу үшін бірнеше химиялық зат қана керек екен.⠀

Зерттеу жұмысы қазылар алқасының үлкен қызығушылығын тудырды, өйткені бұл жоба оқушылардың экологиялық және экономикалық сауаттылығымен байланысты, қағаз жасау технологиясы, оның орман қорына әсері, баламалы шикізатты қолдану мүмкіндігі және қағазды үнемдеу мәселелері туралы білімді біріктіреді. Осыған орай байқаудың қазылар алқасы Әдия мен Әсимаға арнайы сыйлық – MILSET халықаралық іс-шарасына шақыру берді. ⠀

«Қағаз үлгілерін алуда механикалық әдістер қолданылды, сондықтан арнайы қағазды бастыру құралдары мен желім, қоспаның көмегімен сапасын әлі де жақсартуға болады. Ол үшін зерттеуді біраз жетілдіру керек. Ал біз жасап шығарған үлгінің сапасы майлық пен  дәретхана қағаздары сипаттамалары бойынша қанағаттанарлық»,– дейді Әдия.⠀

Ғылыми жобаның нәтижелері мен қорытындысы негізінде оқушылар қағазды алу технологиясы, оның ағаш ресурстарына әсері, балама шикізатты қолдану мүкіндіктері, қағазды үнемдеу мәселелері туралы оқушылардың экологиялық, экономикалық сауаттылығын арттыру мақсатында мектептерде сыныптан тыс шараларды жиі өткізуді ұсынады. Сондай-ақ оқушылар жан-жақты зерттеу жүргізіп, халық пікірін білу мақсатында қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізіліп, жобаның теориялық және эксперименттік бағытын талдаған.⠀

Болашақта жылқы көңінен қағазды алу кезеңдерінде толықтырғыштар, желімдер арқылы оның қасиеттерін жақсарту, жыртылуға төзімділігі, зольдігі, ылғалды ортада ісінуі, оптикалық қасиеттерін стандартты сынамалар арқылы тексеруді көздеп отыр. Сонымен қатар жылқы көңінен алынған целлюлозаны ыдырату арқылы биогазды алу жолын зерттеу және оның экономикалық есебін шығару да алдағы күннің еншісінде. Бұл бағыттағы зерттеу баламалы энергия көзін алу мәселесінің шешімін табуға мүмкіндік береді, себебі метан бензинге қарағанда экологиялық тиімді, ал сутекке қарағанда үш есе  энерготиімділігі жоғары және қауіпсіз тасымалдау мүмкіндігі жоғары.⠀

Ғылыми жобаның жетекшілері – химия пәнінен сарапшы мұғалім Әсел Сахиева, жұмысты халықаралық жарысқа ұсынуда ағылшын тілінен модератор мұғалім Ақторғын Бекенова жетекшілік етті.⠀

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары