$ 444.14  477.05  4.85

Жапонияда вирус қайта күшейді: Олимпиада өткізбеу туралы петицияға 350 мың адам қол қойды

Жапония коронавирусқа байланысты тағы үш префектура – Хоккайдо, Окаяма және Хиросимада төтенше жағдай жариялады.

Жапония коронавирусқа байланысты тағы үш префектура – Хоккайдо, Окаяма және Хиросимада төтенше жағдай жариялады. Үкімет одан бөлек, тағы үш префектурада (Гумму, Исикаву және Кумамото) шектеу шараларын күшейтуді көздеп отыр, деп жазады Азаттық радиосы.

Токио, Осака және тағы төрт аумақта төтенше жағдай жарияланып қойған: ереже бойынша мейрамханалар ішімдік сатпауы тиіс, 20.00-ге дейін жұмысын тоқтатуы қажет. Жарыстар мен концерттерге бес мың адамнан артық адам қатыса алмайды.

Соңғы апталарда елде вирус күшейген. Індет басталғалы бері мұнда 667 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған, 11,2 мың адам қайтыс болған.

Індет өршіген шақта Ёсихидэ Суга үкіметі Олимпиада ойындарына дайындықты бастап та кетті. Былтыр Олимпиада пандемияға байланысты кейінге шегерілген болатын. Алайда қазір елде барған сайын Олимпиада өткізуге қарсылар қарасы көбейіп жатыр. Олимпиада ойындарын өткізбеу туралы петицияға 9 күн ішінде 350 мың адам қол қойған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, "Токио Олимпиада ойындарын тоқтату" туралы кампанияның ұйымдастырушысы Кенджи Уцуномия Жапония спортшылар мен жанкүйерлерді шын мәнінде қарсы алуға дайын болған кезде ғана халықаралық жарыс өтуі тиіс деген.

"Біз жарыс өткізетіндей жағдайда емеспіз, сол себепті Олимпиада ойындары шегерілуі тиіс. Өйтпесек, медициналық ресурстарды Олимпиадаға жұмсауға тиіс боламыз" деді ол баспасөз жиыны кезінде.

Ұйымдастырушылар петицияны Олимпиада және Паралимпиада комитетінің жетекшілеріне, Токио губернаторы Юрико Коикэге жолдаған.

Ал Олимпиадаға қарсы кампания жайлы сұрақтарға жауап берген Токио губернаторы Коикэ Олимпиада қауіпсіз әрі сенімді атмосферада өту үшін әрі қарай да күш сала беретінін айтқан.

"Ғаламдық пандемияға қарамастан Токио-2020 ойындары қауіпсіз әрі сенімді болуы керек" деді ол баспасөз жиыны кезінде.

Елде Олимпиада марафоны өтуі тиіс кейбір аудандарда атап айтқанда, Хоккайдода төтенше жағдай жарияланған.

Петицияны дәрігерлер, халықаралық дәрежеде танымал спортшылар мысалы, гольф чемпионы Хидеки Мацуяма және әйелдер арасында үздік теннисші атанған Наоми Осака, атақты кәсіпкер Масаеши Сон да қолдаған.

Спортшыларды қабылдауы тиіс болған ондаған қала ауруханалар толып кеткендіктен медициналық көмекпен қамтамасыз етуге кепілдік бере алмайтынын мәлімдеген.

Дегенмен үкімет Олимпиада ойындарынан бас тартпауға бекінген. Жапония өз спортшыларын вакцинамен қорғауға тырысып жатыр. Маусым айына дейін барлық спортшыға екпе салынып бітеді деп айтылады.

Бұған дейін Pfizer/BioNTech компаниялары Токио Олимпиадасына қатысатындарға тегін вакцина беретінін хабарлаған.

Токио олимпиадасы 2020 жылы жазда өтуі тиіс еді, бірақ пандемияға байланысты биылға шегерілген. Биыл Олимпиада – 23 шілде мен 8 тамыз аралығында, Паралимпиада 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтуі тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары