16 әйелінен 151 бала сүйіп отырған Зимбабве тұрғыны тағы да үйленгісі келеді. Бұл туралы The Herald басылымы хабарлап отыр.
Мишек Няндороның жасы қазір 66-да. Оның 50 баласы мектепте оқып жатыр. Алтауы әскери борышын өтеп жүр. Екі баласы – полиция қызметкері. Қалған 11-і басқа кәсіптерді меңгерген. 13 қызы тұрмыста болса, 23 ұлы үйленген. Бір баласы әкесінен қалмай, төрт әйел алыпты.
Мишек Няндоро өміріне дән риза. Балалары күн сайын әкесіне сыйлық жасап, қаржылай көмек беріп тұрады екен. «Әйелдерімнің әрқайсысы дәмді тамақ пісіруге ұмтылады. Өйткені, мен тек өзіме ұнаған асты ғана жеймін. Дәмсіз тамақтарды лақтырып жіберемін», – дейді отағасы. Бұған әйелдері де ренжімейтін көрінеді. Керісінше, келесі жолы дәмді етіп тамақ пісіруге тырысады екен.
Мишек Няндоро он алтыншы әйеліне 2015 жылы үйленіпті. Бұдан кейін де ол үйленгісі келген, бірақ отбасындағы қаржылық қиындықтар қол байлау болған. Қазір ісі оңға басып, лайықты үміткер әйелді таңдап та үлгеріпті. Той маусым айына белгіленген.
Келесі жылы ол тағы да екі-үш әйелге үйленіп, бірнеше сәби сүюді көздеп отыр. «Соңғы алты жылда мен 22 баланың әкесі атандым. Мұнымен тоқтамаймын. Күш-қуатым тасып тұр. 18 жастағыдай қайраттымын. Бір түнде кем дегенде төрт әйеліммен төсектес боламын. Жатын бөлмелерді аралап шығу – менің басты жұмысым. Басқа жауапкершіліктерім жоқ. Олар менен қамқорлық көріп отыр. Бәрі де бақытты», – дейді Мишек Няндоро.