16.05.2021, 20:36

Алматыда өртеніп жатқан ғимараттан 7 адам құтқарылды

Фото: azattyq.ruhy
Өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзған ғимарат иесі әкімшілік жауапқа тартылды.

Алматыда өртеніп жатқан ғимараттан 7 адам құтқарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ТЖД мәліметінше, 16 мамыр күні таңғы сағат 05.52-де «Қарасу» шағынауданында өрт шыққаны туралы хабар түсукен.

Оқиға орнына бірден жеткен төтеншеліктер мансардасы бар екі қабатты ғимараттың жертөлесі жанып жатқанын анықтады. Белгілі болғандай, ғимарат иесі өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзып, ғимаратқа тығыз бекітілген шатыр астына ағаш үйінділерін, картон қораптары мен жиһаз бөліктерін үйіп тастаған. Өрттің тез таралуына төменгі қабаттағы жиһаз шеберханасынан шыққан өрт себепші болған.

«Ғимарат ішін алып кеткен қою түтін мен ыстық ауадан сыртқа шығатын есікті табу мүмкін болмай қалған. Жалын бүкіл ғимаратты шарпып кеткен. Газ бен түтіннен қорғау қызметінің өкілдері өрт сатысы арқылы шатырдағы алты адамды құтқарды. Сондай-ақ түтін басып қалған ең түкпірдегі бөлмеден ұйықтап жатқан алтыншы адам құтқарылды», - делінген ТЖД хабарламасында.

Өрт шыққан ғимаратқа ең алдымен сол маңнан өтіп бара жатқан Алматы қалалық ТЖД қызметкері жеткен. Демалыста жүргеніне қарамастан Александр Чистяков дереу адамдарды құтқаруға кіріеді.

«Бірінші өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін ол жанындағы үш куәгермен бірге жертөле терезесіндегі темір торды жұлып алып, іштегі ер адамның сыртқа шығарған. Содан соң өрт сөндіру техникасына кедергі келтіріп тұрған өзге көліктерді жолдан шығаруға кіріскен. Құтқарылған жеті адамға ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадасы медициналық-психологиялық көмек көрсетті», - делінген хабарламада.

Қызыл жалынды ауыздықтауға ТЖД жеке құрамынан 41 адам, 12 техника жұмылдырылды. Өрттің алдын ала себебі электр сымдарының тұйықталуынан болуы мүмкін. Өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзғаны үшін ғимарат иесі ҚРӘҚБтК 410-бабына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылды.