$ 524.58  551.91  4.93

Нұрлан Қоянбаев: Ақшам болмай, жанармай құюға 500 теңге бердім, кассир қыз өз қалтасынан құйып берді

Актер қарапайым отбасынан шығып, үлкен дәрежеге жету үшін адамға керек қасиеттерді тізіп берді.

Нұрлан Қоянбаев отбасында қандай әке? Жары Әйгерімді қандай қасиеті үшін бағалайды? Ата-анасының айтар басты қағидасы қандай? Бұл туралы әзілкештің өзі айтты. Ата-анасы қарапайым гүл сатушы. Өзі ауылдан шыққан қарапайым бала. Актер қарапайым отбасынан шығып, үлкен дәрежеге жету үшін адамға керек қасиеттерді тізіп берді. Қиын сәтте қолдау болған жандар жайлы баяндады. Бұл туралы ER-BATYR жобасының кезекті санында сөз болды. 

Нұрлан Қоянбаев көрерменнен гөрі өз балаларын жиі күлдіртеді. Үйден гөрі түзде көп жүретін актер балаларының көз алдында өспегеніне алаңдайды. АҚШ-та жүріп балаларын сағынып жылағанын айтады. Актер өз ата-анасының берген тәрбиесі мен өзінің әкелік міндеттері жайлы айтты. 

"Мен үйден гөрі сыртта көп боламын. Америкада, Африкада, Мәскеуде, жан-жақта қанша айлап жүрдім. Жарты жылдап үйде жоқ болдым. Сонда балаларымның қалай өсіп жатқанын көре алмадым. Соны ойлап АҚШ-та жүріп жылағаным бар. Ол бала ертең өседі. Біз секілді азамат болады. Мен керек кезінде қасында емеспін деп уайымдадым. Сондықтан қазір қайда барсам да, отбасымды бірге алып жүремін. Бірге пәтер жалдап тұрсақ та, бала-шағамның қасымда болғанын қалаймын. Мен көрерменнен гөрі, балаларымды күлдіртемін. Олардың эмоциясы маған маңызды. Он теңгем болса, соның 7 теңгесіне ойыншық аламын. Мен балаларымның көңіл-күйі үшін жұмыс істемесем, не үшін керек? Балаларды қыспаймын. Ешқашан ұрыспаймын. Егер 3 деген баға алса, мен де бұрын 3 алғанымды айтамын. Жерде құлап қалса, "мен де бұрын тіпті талдан құлағанмын" дей саламын. Балаға қысым жасамаймын. Егер бір сабақты қаламай тұрса, оны жақсы оқы деп қинамаймын", - деді актер. 

Кино продюсердің айтуынша, әкесі сабырлы болуды, тәкаппар болмауды үйретеді. Ал анасы ешқандай жағдайда өзіне шек қоймауға кеңес береді. 

"Мен қандай да бір істі қолға алсам, соны жеткізуім керек. Кино бастасам, соны аяғына дейін түсіріп, бір жақсы дүние шығаруым керек. Соған берілуім керек. Бұл қасиет әкемнен дарыған. Әкем спорт болсын,  бизнес болсын соңына дейін күреседі. Ал анам кез келген жағдайда ешқандай шекара болмау керек деп санайды. Әр адамның өз ойы болу керек деп үйретеді. Елордада бір мейрамхана ашқанмын. Сол кезде әке-шешем "саған мейрамхананың не керегі бар? Өнерде жүр, өнерден кетпе, ол сенің жұмысың емес" деп біредн айтты. Солай мейрамханам 3 айда жабылып қалды. Ата-анам хайп жасамай, атыңды шығармай жүр деп отырады. Ата-анама сөз келмесін, деп кейде артық сөз де айтпаймын. Саясат жайлы болсын, басқа жағдай болсын кейде өзімді тоқтатып қоямын. Хайп атаулыға мүлде жақын емеспін", - деді ол. 

Қоянбаев жары Әйгерімді үнемі мақтап, алғысын айтып отырады. Қиын сәтте өзіне демеу болып, қолдау білдірген келіншегін өз анасына ұқсатады. Екеуі 13 жылдан бері бір шаңырақ астында. 

"Әйгерімнің бір жақсы жері - ешқашан ренжімейді. Маған уәде еткеніңді алып бермедің демейді. Жоқ болса, сабыр етеді. Керісінше, маған қолдау көрсетеді. "Бүгін болмаса, ертең болады" деп маған үйретеді. Күнделікті үйдің тіршілігі мойнында. Сонда кейіп бір сөз айтпайды. Біз үлкен отбасымыз. Ата-анам бар. Ағам, әпкемнің балалары үнемі біздің үйде жүреді. Соның бәрінің жағдайын жасайды", - деді актер. 

Нұрлан Қоянбаев ата-анасының жеке бизнестері, сүйікіті кәсіптері барын айтты. Анасы дәрігер болғанымен, өнерге, шығармашылық жұмысқа жақын. Әкесінің мал шаруашылығы бар. 

"Әке-шешем өз сүйікті ісімен айналысады. 10 жылдан бері қалада гүл сатады. Өздері қолдан гүл жасайды. Анам дәрігер болғанымен, әдемілікті, өнерді, шығармашылықты жақсы көреді. Өз қолымен әдемі букеттерді жасап отырады. Мен кейде "Нұрланның ата-анасы гүл сатып отыр деп жұрт сөйлемесін"деп ренжимін. Ал олар үйде бос отырғысы келмейді. Солай сүйікті ісімен айналысады", - деп күлді актер.

Қоянбаев әрбір адамның басында қиындық болатынын жасырмайды. Тіпті жақын күндері өзінің жанармайға ақша таппай қалғанын мойындады. 

"Бизнес по-казахски" фильмінің екіншісін түсіріп елге келгенде, менде ақша болған жоқ. Джип мініп алып екі күн жанармайсыз жүрдім. Алматыда бір жанармай бекетіне келдім. Қалтамда 500 теңге. Ұялсам да соны бердім. Кассир қыз менің жағдайымды түсінді ғой деймін. 1500 теңгеге жанармай құйып берді. Ешнәрсе сұраған да жоқ. Мен ол қызға риза болдым. Әркімнің басында қиын жағдай болады. Жастарға қолдау болсын деп айтып жатырмын", - деді продюсер. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары