17 мамырда әлеуметтік желілерде Батыс Қазақстан облысында оқыстан қырылған жануарлардың өлексесін жою кезінде кездескен тірі киіктердің видеосы тарады. Осыған байланысты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіндегілердің өтінішімен оқиға орнына арнайы тергеу тобы барған.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер оқиға орнына тергеу тобы барғанын, шынында да өлген жануарлар арасында тірі бір киік болғанын жеткізді.
«Жануар видеоға түсірілді. Ол жерге ветеринар шақырылып, киікті тексерді. Кейін жануар табынына қосылды. Дерек бойынша қылмыстық немесе әкімшілік іс жүргізілмеді», - деді департамент өкілі.
Бұған дейін хабарланғандай, 2021 жылдың 13 мамырында БҚО Жәнібек ауданы Тау кентінің жанынан 372 өлген киік ұшасы табылған. Алдын-ала ақпарат бойынша, жануарлардың өлімінің себептерінің бірі осы аймақтағы қолайсыз ауа-райына байланысты болуы мүмкін (нөсер жаңбыр мен найзағай), өйткені қаңқаларда найзағай разрядымен зақымдану белгілері бар.