Сенат депутаттары "Қазақстандағы сайлау туралы" Конституциялық заңға әкімдер сайлауын енгізу және барлық үміткерге қарсы дауыс беруді қарастыратын түзетулерді қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz
Заң жобасының мақсаты аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімін тікелей сайлауды енгізу. Заң жобасының негізгі міндеттері: сайлау жүйесін жетілдіру; жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайту; Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін төмендету.
Өзгерістер:
аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкіміне үмткерлік ұсыну: өзін-өзі ұсыну тәртібі (тиісті қалада немесе ауылдық округте тұратын сайлаушылардың кемінде бір пайызының қолдау үшін қол жинау арқылы); саяси партияларда өз мүшелері арасынан; егер ұсыну мерзімінің соңында екіден кем үміткер ұсынылған жағдайда, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі үміткер ұсынады.
үміткерлерге қойылатын талаптар: Қазақстан азаматы; жасы - 25 жастан кіші емес; осы лауазымға қойылатын біліктілік талаптары; барлық мемлекеттік қызметкер үшін жалпы шектеулер, мысалы, соттылық, жұмысқа қабілетсіздік;
үміткердің заңнамада белгіленген ең төмен жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізуі;
сайлау 40 күн бұрын жарияланады, ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын өтеді. Сайлау науқанының мерзімі 30 күн;
ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын қаржыландыру жергілікті бюджет арқылы жүзеге асырылады; Мәжіліс сайлауы кезінде саяси партиялардың өту шегін дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 7-ден 5 пайызына дейін төмендету жөнінде нормалар енгізу.
барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне "бәріне қарсы" бағанын енгізу.
Сенат қабылдаған Заң Президент Әкімшілігіне жіберіледі. Ол ел Президенті қол қойғаннан және ресми жарияланғаннан кейін ғана қабылданған болып саналады.
Бұған дейін ел Президенті әкімдер сайлауы 2024 жылы өткізілуі тиіс деп мәлімдеген болатын.
2021 жылғы парламенттік сайлаудан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліске партиялардың өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендетуді, сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау бюллетеніне "бәріне қарсы" бағанын енгізуді ұсынды.