Жандарбек Бұлғақов айтысты қалай жаңғырту керек, ел дамуы үшін не істеу керек деген сұрақтарға жауап берді. Айтыста болған келеңсіздіктер, айтыстағы кемшіліктер мен арзан ақындар туралы сөз қозғады.
Бұл туралы AdminAnon бағдарламасында айтылды.
Жандарбек Бұлғақов айтыс өнері мен айтыстың қазіргі проблемаларын сөз етті. Айтыста артық айтқан жайттарды баяндады. Бұрынғы айтыс пен қазіргі айтысты салыстырып өтті.
«Бірде Айнұр Тұрсынбаевамен айтыстым. Мен бас-көз демей артық айтқан болуым керек. Әділқазылар мені құлатты. Бірақ көрермен шу шығарды. Мені жақтап жатты. Осылайша ертесі айтысты ұйымдастырған басшылар хабарласты. Жақсы айттың деп қолдағандар да, қорқытқандар да болды. Жас бала, абайлап жүр дегендер де бар. «Айтқаның елбасына жетпеуі де мүмкін. Елбасының алдында айтсаң қалай болады?» деген кісілер болды. Мен келістім. Солай бірнеше ақын-айтыскер, жыр-термешілер елбасының алдына бардық. Айтыстан үзінді айттық. Термешілер өнерін көрсетті. Елбасының өзі Сүйінбай мен Қатағанның айтысынан үзінді сұрады. Айтыстан үзінділерді айтты. Біз айтқан мәселелердің ауқымды мәселе екенін, шешу керек екенін жеткізді. Елбасы айтыстан үзінді айтады деген он ойласам түсіме кірмепті», – деді айтыскер.
Бұлғақовтың айтуынша, саясатта, қызметте жүрген азаматтар арасында халыққа жаны ашитын адам жоқ деп санауға болмайды.
«Айтысқа өз ниетімен келген ақындар бар да, асабалық үшін келген ақындар бар. Сара Тоқтамысова Айнұр Тұрсынбаеваға пародия жасап жүріп айтысқа келген адам. Қазір алаштың айтулы ақыны. Солай келсе, онда жақсы. Түрімді танытып алсам, сол арқылы той басқарсам, көп ақша тапсам деп тұратындар бар. Ол айтысты қорлау. Айтыста қандай проблема айтсам екен деп жүретін ақындар бар. Ол өз ойыңнан шықпаған соң несі проблема. Айтыс проблема айтатын алаңға айналып кетті және оны біз солай қалыптастырдық. Проблема айтсақ, халық кошеметтейді. Солай сүйкімді боламыз деп ойладық. Қазіргі жастарға да соны үйреттік. Бір оқушылардың айтысына барғанмын. «Мектептің қабырғасы құлап жатыр» деп айтысып отыр. Оларға мектептің қабырғасы не керек? Оларға айып тағуға болмайды. Себебі, біз солай үлгі көрсеттік», – деді Бұлғақов.
Айтыскердің айтуынша, кезінде өзі жас бала болған соң қошеметке тез бөленген.
«Айтысқа жас бала болып келдім. Мүмкін сол үшін де асығым алшысынан түсті. Бүгінгі айтысқа үлкен қолдау керек. Бір Жүрсін ағамның қолынан келмейді. Оны мойындау керек. Айтысты қазақы қалыптас сақтау үшін Жүрсін аға жүру керек, айтысты қазіргі заман талабына сай өткізу үшін айналасына жас білікті мамандар керек», – деді айтыскер.
Жандарбек ақын адамды көрмей жатып ол туралы ойлау дұрыс емес деген пікірде.
«Бірде бізге «Талғат Мұсабаев келе жатыр. Артық әрекет жасамаңдар, сағыз шайнамаңдар, шаштарыңды ұстамаңдар, өте кірпияз кісі» деп бәрімізді шошытып тастады. Келген кезде мүлде басқа адам. Ән сұрап еді, ән айтты. Анекдот айтты. Бізді «Неге қысылып тұрсыңдар?» деп жұмсартты. Солайша адамды сыртынан басқаша көре беруге болады. Кез келген адамда мінез болады. Кез келген адамның басында әртүрлі жағдай болады. Оған бола, бір кемшілігіне бола жақсылықтарын сызып тастауға, оның болмысына баға беруге болмайды екен», – деді Жандарбек.