20.05.2021, 23:49

Ақтөбеде жоғалып кеткен 9 жасар қыз табылды

Фото: Sputnik.kz
Тәртіп сақшылары қызбен әңгімелескен уақытта ол ұзақ уақыт үйіне бармай, ойынға беріліп кеткенін айтты.

Ақтөбеде полиция қызметкерлері жоғалған тоғыз жастағы қызды тапты, деп хабарлады Polisia.kz.  

19 мамыр күні сағат 16:00-де Астана ауданы №1 қалалық полиция бөліміне тоғыз жасар қыздың анасы хабарласқан. Оның айтуынша, кәмелетке толмаған қызы сағат 11:30-да үйден кетіп, қайтып оралмаған.

Қоңыраудан кейін бірден бөлімнің ювеналды полициясының барлық жеке құрамы жұмылдырылып, іздестіру іс-шараларына көшті. Жоғалған қызды Пожарский көшесі, "Дәнекер" дүкенінің жанынан тапқан.

Қызбен әңгімелескен уақытта ол ұзақ уақыт үйіне бармай, ойынға беріліп кеткенін айтып түсіндірді.

Полицейлер кәмелетке толмаған баламен және ата-анасымен профилактикалық әңгіме өткізді.

Ақтөбе облысының полицейлері ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды.