$ 494.87  520.65  4.91

«Экологиялық кодексте киік туралы бір ауыз сөз жоқ» - журналист

Журналист Төлен Тілеубай киік мәселесінің 15 жыл бұрын айтылғанын алға тартты.
Фото: nature.agrogro.ru
Фото: nature.agrogro.ru

Мамыр айы басталғалы Батыс Қазақстан облысының шаруалары қазақ даласының брендіне айналған киіктердің шамадан тыс көбейіп кеткеніне шағымданып жатыр. 

«Егінімізді жайпап, жайылымымызға ортақтасты» деген шаруалар киіктерді не азайту керек, не көшіру керек деген ұсыныс-талап қойып отыр. Бұл жағдайға байланысты елдің пікірі екіге бөлініп отыр. Экология және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің позициясы қандай? Проблема қалай шешілетін болды? Бұл жайлы Qazaqstan ұлттық арнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасына келген сарапшылар айтты. 

Эфир басында киіктен зардап шегіп отырған Батыс Қазақстан облысының 3 ауданы: Жәнібек, Казталов және Бөкей ордасы аудандары шаруаларының шағымданған видеосы көрсетілді.

Бұл мәселе жайлы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі Асқар Әбдірахманов пікір білдіріп, киіктердің көбейіп кеткені Батыс Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізіп жатқаны рас екенін айтты.

Бұл проблеманы шешу үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Батыс Қазақстан облысы әкімдішгімен бірлесіп, шаруалармен жиын өткізді. Киіктер мекен еткен үш ауданды алып жататын «Бөкей ордасы» резерваты мен «Ащыөзек» табиғи қаумалын құру туралы ұсыныс жасалды, - деді ол.

Оқи отырыңыз: Киік лағының адам құшақтағаннан өліп қалатыны рас па?

Ал, Қазақстан фермерлер одағы төрағасының орынбасары Ермек Әбуов мәселе судың тапшылығы, құрғақшылықтан туып отырғанын жеткізді. 

Құрғақшылық шегіне жеткен мәселе. Оны құзырлы министрліктер мен жергілікті атқарушы орган тез арада шешуі қажет, - дейді маман. 

Бағдарлама барысында журналист Төлен Тілеубай бұл мәселенің 15 жыл бұрын айтылғанын алға тартты. 

Киіктердің көбейгеніне қуану керек. Қазақ пен киік ежелден егіз ғой, ежелден бері бірге өмір сүріп келеді. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін президенттің өзі қол қойып, киіктерді қорғау жөнінде жеке заң қабылдау керек. Резерваттың да, су мен шаруалардың мәселелері, киіктің қауіпсіздігі де осы заңмен шешілер еді. Қазір қабылданған Экологиялық кодексте киік туралы бір ауыз сөз жоқ, - деді ол. 

Айта кетейік, бұған дейін жануарларды қорғаушылар актриса Альмира Тұрсын мен журналистердің жаңа туған құралайлармен жасаған фотосессиясына наразылық білдірген еді. Олар жануарларға орны толмас зиян келтіруі мүмкін фотосессия жасауға мүмкіндік берген Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі басшылығын сынға алды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары