ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов «Ashyq» қосымшасындағы ақаулар үшін кешірім сұрады, деп жазады baq.kz. Соңғы күндері «Ashyq» қосымшасында болған ақаулар мен техникалық проблемаларға қатысты келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрағым келеді. Мемлекет «Ashyq» жүйесін өз қарамағына алды, жуырда бұл жүйені «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ операторына бейімдеу жұмыстары жүргізілді. Енді техникалық мәселелерді біздің ұлттық оператор қадағалайтын болады. Ондағы барлық мамандар жоғары санаттағы, менің ойымша, олар жүйе қызметін тұрақты ете алады, - деді Әсет Тұрысов.
Енді «Ashyq» қосымшасы бөтен ЖСН енгізуден қорғау мақсатында Egov жүйесіндегі азаматтардың мобильді базасымен сәйкестендірілді.
«Жүйенің Ұлттық оператор – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ қарауына берілгенін айтқым келеді. Енді «ҰАТ» АҚ техникалық мамандары «Ashyq» жүйесін толық әкімшілендірумен айналысады. Сонымен бірге, мобильді қосымша үнемі жаңартылып отырады. 18 мамырдан бастап Android-де «Ashyq» жаңа нұсқасы іске қосылды, онда QR-кодты сканерлемей-ақ, өз мәртебеңізді тексере аласыз, - дейді вице-министр.
Айта кетейік, 20 мамырдан бастап Ashyq қосымшасынан техникалық ақаулар шығып, істемей қалған. Жүктемені азайту үшін осы жүйемен істейтін «Айту» атты тағы бір бағдарлама іске қосылды.