Әлеуметтік желіде мектеп бітіруші түлектердің арасында жаппай төбелес болғаны жайлы видео тарады. Куәгерлердің айтуынша, төбелес Бейнеудегі (Маңғыстау облысы) мектептердің бірінің жанында болған деп жазды azattyq-ruhy.kz.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 25 мамыр сағат шамамен 11:00-де Бейнеу ауданында болған. Жанжал Бейнеу ауылдық округіндегі Ж.Қалдығараев пен Ы.Алтынсарин атындағы мектеп оқушылары арасында шыққан.
«Оқиға орнына полиция өкілдері барып, 7 адам ұсталды және олардың бәрі бөлімшеге жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ. Аталмыш факт ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы (бұзақылық) бойынша тіркеуге алынды», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бүгін Қазақстан бойынша 150 мыңнан аса түлек 11 сыныпты, 270 мыңдай оқушы 9-сыныпты бітірді.