$ 498.34  519.72  4.85

Алматы облысында жасөспірім көпқабатты үйдің төбесінен құлап, көз жұмды

Тұрғындар жазатайым оқушыға құрылысшылар мен әкімдікті кінәләйді.
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Алматы облысында 11 жастағы бала көпқабатты үйдің төбесінен құлап, көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, ол  құрылысы толық аяқталмаған кешеннің шатырында ойнап жүріп,  екі ғимараттың арасындағы саңылаудан құлап кеткен. Тұрғындар жазатайым оқушыға құрылысшылар мен әкімдікті кінәләйді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы тұрғын үй кешенінде болған. 11 жастағы мектеп оқушысы үйдің 9-шы қабатында ойнап жүріп, абайсызда төменге құлаған. Жергілікті тұрғындар бұған шатырдың есігін ашық қалдырған құрылысшылар мен әкімдікті кінәләйді.

"Әкімдікке де хат жазды қызым, Ризванға жазды, люкты жабыңыздар бірдеңе болғанын күтіп жүрсіздер ма деп. Жауапсыздық, әрине, өйткені білмеді емес, олар біліп отыр, люктің ашық екенін. Мына жерге балалар жиі шығады үлкендерде шығып жатады", - дейді кешен тұрғыны Мәрияхан Айтқұлова.

Тұрғын үй кешенінде әлі құрылыс жұмыстары жүріп жатқанына қарамастан, кейбір пәтерлер тұрғындарға пайдалануға берілген. Сондықтан жұрт балаларын сыртқа қараусыз жіберуге қорқатынын айтады.

"Менің ұлым қаза болған баланың досы болған, бірге ойнайтын. Қайта құдайға шүкір балам қазір ауылда. Әйтпесе кеше ол да осында болушы еді. Дені дұрыс адам, шатырға шығатын есікке құлып қоюы керек қой. Ал бізде ол жайбарақат ашық тұра берді. Биліктегілерге талай айттық", - дейді кешен тұрғыны Арнұр Қазақов.

Төтенше жағдайлар департаменті баланың шатырда екі үй арасындағы саңылаудан құлағанын анықтаған. Тұрғындардың сөзінше, ол жер жұқа қаңылтырмен ғана жабылған. Бұған құрылысты салған мердігер мекеменің айтар өз уәжі бар.

"Бала темір қаңылтырдың үстінде секіріп ойнауы мүмкін. Сондықтан құлап кеткен. Ол темірлер саңырауға мықтылап бекітілген. Шатырдың есігі де құлыптаулы тұрған. Мамандар байланыс жүйелерін орнату үшін есігін ашық қалдырып кілтін қайтармаған", - деді мердігер мекеменің қауіпсіздік инженері Әділжан Ушуров.

Мердігер мекеме өкілдері қара жамылған отбасыға көмек беретіндерін айтып ақталды. Шатырдың есігін бекітпеген кінәлілерді де анықтайтынын мәлімдеді.  

Ал әкімдіктегілер кешенге қатысты бұған дейін арыз-шағым түспеген деп отыр.

"Осы 4 мамырдан тағайындалып, әкім орынбасар қызметін атқарудамын. Дәл шатыр мәселесі бойынша арыз-шағым көрген емеспін. Тергеу жүріп жатыр. Жауапты тұлғалар өзінің кінәсін алады", - деді Талғар ауданы әкімінің орынбасары Барлық Төреханов.

Қайғылы оқиға қатысты тергеу басталған. Әкімдік кешенге тиісті қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуді тапсырыпты. Әйтсе де Төтенше Жағдайлар Департаменті азаматтардан балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары