Мемлекет басшысы премьер-министр Асқар Маминді қабылдады, - деп хабарлайды Ақорда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, халықты вакциналау, сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелері туралы есеп берілді.
Премьер-министрдің айтуынша, елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған. Қазақстан Covid-19 індетінің таралу қарқыны бойынша "қызыл" аймақтан "сары" аймаққа өтті. Вирустың жұғу индексі - 0,94. Жұқпалы аурулар бөлімшелері - 33 пайызға, жан сақтау бөлімшелері - 25 пайызға толған. Вакциналау қарқыны артып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 3 миллион адамға екпе салынып, оның 2 миллионы вакцинаның бірінші компонентін алған. 1 миллионға жуық адамға екпенің екінші компоненті салынды.
Мемлекет басшысына 2021 жылғы Жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасының орындалу жоспары туралы ақпарат берілді. Асқар Мамин Жұмыспен қамту жол картасын іске асыруға биыл 300 миллиард теңге бөлінгенін, 35,6 мың жұмыс орны, оның ішінде, 20 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылатынын атап өтті.
Бұдан бөлек кездесуде сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуды ұлғайту, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру, қайта өңдеу секторының өсімі мен дамуы есебінен экономиканың құрылымын одан әрі әртараптандыру, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басқа да өзекті мәселелер жөнінде қабылданған шаралар қарастырылды.