27.05.2021, 13:00

Вакцинадан кейін халі нашарлаған бойжеткенге қатысты арнайы жұмыс тобы құрылды

Фото: видеодан скриншот
Видеода ауыр халде жатқан тұрғынның бет-аузы, аяқ-қолы қайта-қайта тартылып, жүрегі дүрсілдеп соғатыны айтылған

26 мамырда танымал блогер Дәулет Мұқаев (dauletten) алматылық тұрғынның «Спутник V» вакцинасын салдырғаннан кейін қиын жағдайға ұшырағаны жайлы видео жариялады.

Видеода ауыр халде жатқан тұрғынның бет-аузы, аяқ-қолы қайта-қайта тартылып, жүрегі дүрсілдеп соғатыны айтылған. Және бұл жағдай осымен бірнеше рет қайталанған.

«Үшінші рет қайталанып жатыр. Коронавирустан қорғайды, иммунитет қалыптасады дегені осы ма?! Бет-аузы, аяқ-қолы тартылып, жүрегі тарсылдап соғады. Вакцина алу-алмау әркімнің өз еркі дейді, бірақ алмасаң жұмыстан шық деп мәжбүрлейді. Адам өмірінің құны қалмаған ба? Шақырған жедел жәрдем 30 минутта әрең жетеді», - дейді видео авторы және науқастың құрбысы.

Осыған қатысты Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жауап беріп, конвульсиялық синдроммен №7 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөліміне түскен А. Есімді науқасқа қатысты жағдай зерттеліп жатқанын айтты. Сондай-ақ ауыр халдегі тұрғынның коронавирус вакцинасымен байланысы бар-жоғын анықтау үшін арнайы жұмыс тобы құрылған.

Денсаулық сақтау министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Әсел Артықшын қосымша ақпарат беріп, науқастың коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін сәуір айының соңында алғанын айтты. Ал, екінші компонентін әлі салдырмаған. Жедел жәрдемді екпеден кейін шамамен бір айдан соң шақырып отыр.

Тегтер: вакцина