$ 494.87  520.65  4.91

Талғар маңында ашулы тұрғындар жолды жауып тастады

Сол күні таңертең адамдар зират айналасында экскаватормен ор қазылғанын анықтаған.

Сенбі, 29 мамыр күні Алматы облысы Талғар ауданындағы Қарабұлақ (бұрынғы Ключи) ауылының тұрғындары жергілікті зират мәселесі бойынша биліктің назарын аудару үшін жолды жауып тастады. Оқиға орнынан түсірілген видео Instagram-да kris_p_talgar-парақшасында жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Сол күні таңертең адамдар зират айналасында экскаватормен ор қазылғанын анықтаған. Тұрғындардың айтуынша, зират маңындағы учаске иелері оған өтетін жолды әдейі қазып тастаған.

Жергілікті тұрғындар мәліметі бойынша, зиратқа жерлеуге тыйым салынған және билік жерлеу рәсімдері үшін басқа жерден орын бөлген. Бірақ ол шешім ауыл тұрғындарына ұнамайды.

Тасжол жабылғаннан кейін бір сағаттан соң оқиға орнына Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов келді. Осыдан кейін тұрғындар жолдағы көліктерін алып тастады.

Әкімдік баспасөз қызметі ақпаратына сүйенсек, мәселені шешу үшін жұмыс тобы құрылған.

Биыл сәуірде Қарабұлақ тұрғындары зират орнында жаңа жер иелері коттедж қалашығын салғысы келетінін мәлімдеді.

"Қазір зират маңында компания коттедж қалашығын салу үшін жер сатып алды. Жақында бір әйелге онда туысын жерлеуге тыйым салды. 1987 жылы бұл жер жерлеу рәсімдері үшін бөлінген. Мұнда біздің көптеген аталарымыз жерленген. Неліктен жерлеуге тыйым салынады?" - деп шағымданды тұрғындар.

Талғар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі зират кеңес заманынан бері ешқандай құжатсыз жұмыс істеп тұрғанын анықтаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары