01.06.2021, 15:00

Қазақстанда жүргізушілер жаппай наразылыққа шығып жатыр

Фото: ашық дерекөз
«Қазавтожол» компаниясы 1 маусымнан бастап 18 жол бөлігінің ақылы болатынын хабарлаған. «Әр шақырымына 35 теңгеден төлейді» деген әңгімені естіген жүргізушілер бүкіл елде жаппай наразылыққа шығып жатыр.

Елімізде көлік жүргізушілері ақылы жолдың қымбаттауына наразылық білдіруде. «Қазавтожол» компаниясы 1 маусымнан бастап 18 жол бөлігінің ақылы болатынын хабарлаған. «Әр шақырымына 35 теңгеден төлейді» деген әңгімені естіген жүргізушілер бүкіл елде жаппай наразылыққа шығып жатыр деп хабарлайды КТК арнасы. 

Наразылықтардың туындауына «Қазавтожолдың» ұзындығы алты мың шақырымға жуық 18 жол бөлігінің 1 маусымнан бастап ақылы болады деген хабары себеп болған. Алдын ала интернетпен төлем жасаса – 25 теңге, бекетте ақысын төлесе, шақырымына 35 теңге төлеуі керек деген хабар көпке жақпай қалған. Жүргізушілер мұндай ақыны алып тастамаса, жолды жауып тастауға дайын. Алматы-Бішкек тас жолының бойына жиналғандар ақыны азайтпаса, жұмысқа шықпайтынын жеткізді. Алматы қаласының шыға берісіндегі дәмхананың алдына топтасқандар – айлығын алыс жолға шығудан табатын жүргізушілер. Олар тас жолдағы тарифті көтермеуді талап етуде.

«Алматыдан Оралға дейін 80 мың төлеу керек екен. 1980 жылдан бері картада көрсетілген Қызылорда мен Жезқазғанмен екі ортада, ол жақта мүлде жол жоқ. Өзіміздегі Қарағанды, Алматы, Нұр-Сұлтанда да жол жоқ. Ол жолдарды қалай ақылы қылады? Халықтың бәрі соған наразы», - дейді жүргізуші Рамиль Кулиев.

«Халыққа өздері тиісіп отыр ғой. Тыныш жатқан адамды өздері шұқылап отыр. Солярка бағасын көтеріп жатыр, неғып жатсың деп үкімет өзі шұқып жатыр. Оның бәріне тиіспесе, нанына тиіспесе, қайтеді? Қарны тоқ болса, қарапайым халық шырылдамайды, ешқайда шықпайды», - дейді тағы бір жүргізуші Қуат Байжұмаев.

Ақтөбе облысында да 300-ге жуық жүргізуші талап-тілегін айтуға Самара-Шымкент тас жолына жиналды. Облыста жолдағы қозғалысқа кедергі жасамақ болды деп полиция 11 адамды ұстап әкеткен. 

Жүргізушілер қала ішінде де бас көтерді. Бәрінің базынасы бір: жолға төленетін ақыны шақырымына 5 теңгеден жоғары көтермеу. Жиналған топ батыс аймақта тұратын ауыр жүк таситын көлік жүргізушілерін облыс аумағында тегін жүргізуді талап етіп отыр.

«Қазір тегін жол. Қасынан ақылы жол салсын. Жол керемет болса, бәрі сонымен жүреді. Қауіпті жолмен жүргенше, жақсы жолмен жүрген жақсы емес пе, дұрыс па? Жеке басым күшті жол салып берсе, сонымен жүремін», - дейді жүргізуші Ерболат Байғабылов.

Маңғыстау облысында да жүргізушілер наразылық шарасына шыққан. Бұл аймақта Атыраудан Ақтауға дейін, Бейнеу ауданынан Өзбекстан шекарасына дейінгі жол ақылы болмақ. Күре жол арқылы облысқа азық-түліктің 80%-ы сырттан тасымалданады. Егер жолды ақылы қылса, онда тамақ та қымбаттауы мүмкін, дейді жиналғандар. 

«Қазіргі қиын заманда жолды ақылы қылу үкімет тарапынан, негізі, дұрыс емес. Халықпен келісу керек еді. Халықтың жағдайы қазір мәз емес. Өздерің білесіңдер, несие төлеу керек. Машинаның жағдайы бар. Халықты қыса бергенде, халықтан шығатын ештеңе қалған жоқ», - дейді Талғат есімді жүргізуші.

Республика бойынша наразылыққа шыққан жүргізушілерді «Қазавтожол» сабырға шақырды. Маусымнан бастап 18 учаске ақылы болады деген хабарды растағанымен, бәріне бірдей айдың басынан төлем алынбайды. Жөндеу көбінде аяқталмаған. Ал жүргізушілер айтқандай шақырымына 35 теңге төлейді деген жаңа тариф бекітілмеді дейді.

«2013 жылдан бастап жол төлемі өзгерген жоқ. Тариф. Жеңіл көлік үшін әр шақырымына бір теңге. Жүк көліктеріне 5-25 аралығында. Ол артып алған жүгіне байланысты. Бізде алты санатты жүк көліктері бөлінеді», - дейді «Қазавтожол» ҰҚ АҚ ресми өкілі Диас Ахметшәріп.

«Қазавтожолдың» бұл жауабы жүргізушілерге жұбату болмай тұр. Ақылы еткізілетін 18 жол бөлігінің бәрінің ой-шұңқыры бітеліп, тақтайдай сайрап жатпағанын күнде көзбен көріп, азабын тартып жүрміз дейді. Наразылық толқуға ұласпас үшін «Қазавтожол» компаниясы жұмыс тобы құрылғанын, барлық шағымды тыңдауға дайын екендігін жеткізді.