06.06.2021, 16:42

Заңсыз аң атпақ болған шенеуніктерге көмектескен орманшылар қызметінен қуылды

Фото: ашық дереккөз
Жамбыл облысы әкімдігінде өткен кезекті басқосуда мамандандырылған «Лашын» жедел қызметінің директоры Абай Кенжебек өз жұмысы бойынша хабарлама жасады.

Оның айтуынша, «Лашын» тобы құрылғалы табиғатқа залал келтірушілермен күрес жүргізіліп келеді екен. Қызыл кітапқа енген және қорық аумағынан аң-құстарды атқан браконьерлер оқиға орнында ұсталып, үстерінен іс қозғалып, бір-екеуі түрмеге қамалса, өзгелері айыппұл төлеген. Топ басшысы қызметтік куәлігін көрсетіп, әлі күнге орманшыларға бағынбай аң атуға тырысатын шенеуніктердің барын, оларға көмектескен орманшылардың қызметтен қуылғанын да айтты.

«Лашын тобын біз не ұшін құрдық. Заңсыздықтың жолын кесу үшін. Кейбір шенеуніктер сіздердің қызметкерлеріңізбен келісіп, түнде аң аулайды. Біз солардың жолын кесуге тиіспіз. Қандай адам болмасын, бұл топ тікелей менімен жұмыс істейді. Біз табиғат байлығын ұрпағымызға жеткізу үшін оны қорғай білуіміз керек», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар, әкім заңға бағынбайтын қызметкерлер мен орманшылардың атын атап, бұқаралық ақпарат құраладарында жариялауды, оларға айыпппұл ғана салып қоймай, тиісті органдармен бірлесіп, нақты шара қолдану бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.