$ 494.87  520.65  4.91

«2 млрд теңге ұрлаған»: Алматыда трансұлттық ұйымның мүшелері сотталды

Қылмыстық топтың екі мүшесі 8 жылға бас бостандығынан айырылды, қалғанына халықаралық іздеу жарияланды.
фото: azattyq-ruhy.kz
фото: azattyq-ruhy.kz

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің киберқауіпсіздік басқармасында екі қазақстандық банктегі ұрлану туралы істің тергеп-тексерілуі жайында толық айтып берді деп жазды azattyq-ruhy.kz.

2 млрд теңге ұрлаған «Карбанак/Кобальт» трансұлттық киберқылмыстық ұйымының мүшелері сотталды, Алматы прокуратурасы агенттіктің көмегімен қылмыскерлер әрекетінің жүйелілігін қалпына келтіріп, қажетті дәлелдер базасын жинақтай алды.

2019-2020 жылдары қаржы реттеушісінің қызметкерлері алғаш рет банктерге жасалған кибершабуылдар фактілері бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеру кезінде прокуратураға көмек көрсетті.

«Біз жасалған қылмыстардың цифрлық дәлелдерін жинап, талдау жасауға көмектестік. Соның нәтижесінде хакерлердің әрекеттерін сот ұрлық, заңсыз жою, ақпаратты түрлендіру, ақпараттық жүйенің жұмысын бұзу және ақпаратты заңсыз алу деп жіктеді. Трансұлттық қылмыстық топтың қатысушылары мұндай ұрлық жасау үшін арнайы қалыптастырылған зиянды компьютерлік бағдарламаларды пайдаланып осы әрекеттерді 2016-2017 жылдары екінші деңгейдегі екі банкке қатысты жасаған», - деді киберқауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы Анатолий Пудель.

Прокуратура мен агенттіктің бірлескен қызметінің нәтижесінде материалдар дайындалып, Алматы қаласы Бостандық аудандық сотына берілді және қылмыстық топтың екі қатысушысына қатысты айыптау үкімі шығарылды. Сот оларға 8 жыл бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады. Қылмыстық топтың қалған мүшелері анықталып, оларға халықаралық іздеу жарияланды.

«Тергеу «Карбанак/Кобальт» трансұлттық киберқылмыстық тобының жоғарыда көрсетілген қылмысты жасау кезінде 13 елдің аумағында әрекет еткенін және 2 млрд теңгеден аса жымқырғанын, сондай-ақ тағы 8 млрд теңгені ұрлау бойынша әрекеті сәтсіз болғанын дәлелдеді. Олар қылмыстық ойын бірнеше кезеңмен іске асырған: банктерге зиянды файлдар салынған электрондық хаттар жіберген, оларды ашқан кезде компьютерлер бір-бірін зақымдай бастаған. Хакерлер қашықтан басқару режимінде банк қызметкерлерінің құпиясөздерін ұрлау үшін бағдарламалар орнатқан, 200-ден аса төлем картасын ашқан, банктердің процессинг жүйелеріне рұқсатсыз әкімшілік тұрғыдан қол жеткізген. Одан кейін төлем карталарына көп миллионды кредиттік лимиттер белгілеген, банкоматтардан қаражат алуға қойылған шектеулерді алып тастаған, одан әрі қаражат түрлі елдердегі банкоматтар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған», - деп түсіндірді Анатолий Пудель.

Алматы прокуратурасының деректері бойынша, «Карбанак/Кобальт» – бұл бүкіл әлемдегі банктерге шабуыл жасаумен айналысқан трансұлттық киберқылмыстық ұйым. Олар әлемнің 40 елінде 100-ден аса қаржы ұйымын тонаған, олардың қызметінен болған шығын шамамен 1 млрд долларды құрайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#қаржы #ұрлық