БҰҰ-ның адам әлеуеті дамуы индексінде әл-ауқаты жөнінен Орталық Азия елдерінен озық тұрған Қазақстан суицид жасау бойынша да осы аймақта алдыңғы орында, деп хабарлайды «Азаттық» радиосы.
Шілденің 24-і күні БҰҰ-ның даму бағдарламасы (UNDP) адам дамуы әлеуеті жайлы 2014 жылғы есебін жариялады. Есеп әлемнің 187 елі мен бірнеше территориясындағы халықтың білім алу мүмкіндігі, табысы, денсаулығы, өмір сүру ұзақтығы, жеке бас қауіпсіздігі сияқты маңызды көрсеткіштерге қарап жасалған.
Тізімді адам дамуы әлеуеті жақсы елдер ретінде Норвегия, Австралия, Швейцария, Нидерланд пен АҚШ бастап тұр. Тізімнің ең соңындағы елдер - Орталық Африка республикасы, Конго мен Нигер.
Қазақстан бұл есепте 70-орынды иеленіп, Орталық Азиядағы көршілерінен (Түркіменстан - 103, Өзбекстан - 116, Қырғызстан - 125, Тәжікстан 133-орында) озып тұр. Басқа посткеңестік елдерден Беларусь - 53, Ресей - 57, Әзербайжан - 76, Грузия - 79, Украина - 83, Армения - 87, Молдова 114-орында тұр.