Ақмола облысындағы Степногорск қаласы мен оған іргелес үш ауылдың халқы елдімекенге жақын маңда қауіпті өндіріс қалдығын өртейтін кешен салуға қарсы. Биліктің дерегінше, БҰҰ-мен бірлескен жоба аясында биыл зауыт құрылысы басталмақ. Қалдықты жоюмен айналысатын компания даулы мәселе жайлы пікір бермей отыр.
«ЗАУЫТТЫ БАСҚА ЖЕРГЕ САЛУҒА БОЛМАЙ МА?»
Степногорск қаласы мен оған жақын орналасқан Заводской, Ақсу және Кварцитка ауылының халқы өзі тұратын аймақта экологиялық ахуал нашар екенін айтады: мұнда уран өндіріледі, алтын кені өңделеді, ал халық шахта, карьер, металлургия өнеркәсібі нысандары, тау-химия комбинаты мен күкірт қышқылы зауытының ортасында өмір сүреді.
Жақында осы маңға аккумулятор өңдейтін зауыт салынған. Одан бөлек, қауіпті қалдықты көмуге арналған полигон мен полихлордифенил (ПХД) қалдығы сақталатын қойма бар. Бір жыл бұрын билік өкілдері Балқаштағы бұрынғы «Дарьял-У» радиолокация станциясында жатқан, құрамында улы ПХД заттары бар материалдарды осы жаққа көшіруге рұқсат берген.
Енді жергілікті жұрт тағы бір мәселеге тап болып отыр: елдімекендерден шамамен екі километр жерде қоршаған ортаны ластайтын тұрақты органикалық заттар мен ПХД қалдықтарын жоятын кешен салу туралы шешім қабылданған. Былтыр халық Балқаштан әкелінген қауіпті заттарды қала аумағында сақтауға қарсы болып, мыңдаған қол жинаған. Билік өкілдері мәселені шешуге уәде берген. Бірақ улы заттарды сақтау мәселесіне енді оларды жоятын зауыт салу жобасы қосылған.
Заводской ауылында тұратын Нина Оразбаева микробиология мамандығы бойынша білім алған. Ата-анасы онкологиялық аурудан қайтыс болғаннан кейін экологиялық белсендіге айналған. Ол елдімекендерге жақын маңда қалдық өртейтін кешен салуға түбегейлі қарсы: Нинаның ауылындағы үйлер мен жоспарлы кешеннің арасы – бір жарым километрден сәл ғана асады.
– Өз жерімізде кепілге айналдық. Бір жылдан бері ПХД қалдықтарына қарсы күресіп келеміз. Зауытты солтүстік жақтан салайын деп жатыр, одан шыққан түтін тура орталыққа соғады. Аспанды 30 километрге дейін бұлт торлайды. Жергілікті су қоймасының жайы да алаңдатады. Зауытты басқа жерге салуға болмай ма? Елдімекендерден алысқа, күре жолға жақын маңға салсын. Үнімізге құлақ түруін сұрап, шенеуніктердің есігін қағып, қол жинап жатырмыз. Біздің де өмір сүргіміз келеді ғой. Бұл жақта көп адам онкологиялық аурудан бақилық болады. Өйткені мұнда уран өндіріледі. Балаларда да патология көп. Осы аз ба? Бұл үшін кім жауап береді? – дейді Нина Оразбаева.
Даулы зауыттың қоршаған ортаға әсерін бағалау жобасымен танысқан тұрғындар ол құжаттан кемшіліктер тауып, деректер мен ақпараттың нақты емесін анықтаған. Белсенділер өзі анықтаған кемшіліктерді ескеруді талап етіп отыр. Олардың айтуынша, жобада нысан салынатын орынның негіздемесі жоқ, қоршаған ортаның қазіргі жай-күйі туралы деректер толық емес, ауаны ластайтын кей заттардың рұқсат етілген шекті мөлшері көрсетілмеген, зауытқа көрші кәсіпорындар есепке алынбаған, қауіпті қалдықтар бойынша есеп пен ауаға бөлінетін улы заттар туралы шынайы деректер жоқ.
Жергілікті жұрт ПХД қалдықтарын жою кезінде аса қауіпті және тұрақты дифенил (халық арасында «химиялық СПИД» деп аталады) түзілуі мүмкін деп қауіптенеді. Бұған қоса халық зауыт салынады деп жоспарланған жерге жақын маңда әскери бөлімше мен түзету мекемесі барын, осы нысандардың белгісіз себеппен өндіріс аумағына жатқызылғанын айтып, наразылық білдіріп отыр.
– Жұрт тұрып жатқан жерге неге салады? Қалдық өртеуге байланысты үлкен қауіп бар: алда-жалда бірнәрсе дұрыс жұмыс істемей қалса, бәрі ауа мен топыраққа, қалаға, ауылға тарайды ғой, – дейді Степногорскіде тұратын экологиялық белсенді Артем Сочнев.
Наразы жұрт бірігіп, зауыттың қоршаған ортаға әсерін бағалау жобасын дайындаған компанияға, билік өкілдеріне ескерту жіберген, мыңдаған қол жинап, Қазақстан президентіне хат жазған. Өткен демалыс күндері Степногорскідегі алаңда ондаған адамның қатысуымен жиын өткізген.
«АРАНДАТУШЫЛЫҚ ПЕН ҚОҚАН-ЛОҚЫ КӨРСЕТУ»
Степногорскіде тұратын зейнеткер Наталья Петрова енді біраз уақыттан соң қауіпті қалдықты өртейтін зауытқа көрші болуы мүмкін екенін естігеннен кейін еріктіге айналып, кешен құрылысына қарсы қол жинауға көмектескен. Айтуынша, қол жинап жүргенде белгісіз адамдардың арандатушылық іс-әрекетіне куә болған.
– Басында келген әйелдер қарапайым сұрақтар қойды. Әңгіме барысында даусы өзгеріп сала берді, үзілді-кесілді қарсы шығып, телефон камерасын қосып, «Сізді бұл жерге кім қойды, қандай ұйымнан келдіңіз, елге неге бұрыс ақпарат таратасыз?» деп сұрай бастады. Сөзімді бөліп, интернет пен газетте «жалған ақпарат жарияланып» жатқанын айтты. Екінші күні бір ер адам келіп, біраз уақыт сырттай бақылап тұрды да, «Сіздер митинг өткізгелі жатырсыздар ма?» деп сұрады. «Жоқ, жай ғана қол жинап жатырмыз, тұрғындар кездесу өткізеді»деп жауап бердім. Ол біздің қолымыздан ештеңе келмейтінін айтып, кетіп қалды. Біраз уақыттан кейін қайта оралып, жұртқа «Не нәрсеге қол қойып жатқандарыңды білесіңдер ме?» деді. Халық «білеміз» деді. Ол кетіп қалды, – дейді Петрова.
Степногорскілік блогер Максим Пономарев YouTube-арнасында қала өмірі, оның ішінде зауыт құрылысы мен халық наразылығы туралы ақпарат таратады. Ол өзі танымайтын әлдебір адамдардың оған қысым көрсетпек болғанын айтады.
– Белгісіз біреу хабарласты, аты-жөнін айтқан жоқ. Басында «Сіз бұл тақырыпты терең зерттеуге тырысып көрген жоқсыз ба?» деп сұрады. Мен тақырыпты жақсы зерттегенімді айттым. Кейін қорқытып-үркітіп, «артық сөйлемеңдер, тоқтаңдар» деп айта бастады. Бірақ мен оған мән беріп қараған жоқпын. Зауытқа қарсы емеспіз, оны бізге жақын маңға салуға қарсымыз. Қаламыз қоқыс алаңына айналып кеткенін қаламаймын, – дейді Пономарев.
ҚОҒАМДЫҚ ТЫҢДАУҒА ХАЛЫҚТЫҢ КӨҢІЛІ ТОЛМАДЫ
Қазір құрылысқа дайындық жұмысы жүріп жатыр. 14 маусымда Zoom платформасында онлайн форматта қоғамдық тыңдау өтті. Бұл шара жергілікті халыққа ұнаған жоқ, олар мұны зауыт салуға қарсы азаматтардың қоғамдық тыңдауға қатысуын шектеуге талпыныс деп бағалады.
Жұрттың бір бөлігі қоғамдық тыңдауға онлайн қосылуға тырысып көрді, өзге азаматтар Степногорскідегі мәдениет үйіне ағылды. Әу баста әкімдік қоғамдық тыңдау өткізуге мәдениет үйінен орын бөлген, бірақ пандемия кезіндегі карантинге байланысты мердігер компания жиын қарсаңында жұртты Zoom платформасында өтетін онлайн шараға қосылуға шақырған.
Халық жиналған жерде полиция қызметкерлері де болды. Мәдениет үйінде және көшеде жиналған азаматтар өздері тұрып жатқан жерге жақын маңда зауыт салуға қарсы екенін, Zoom-да пікір білдіруге мүмкіндік берілмейтінін айтып, жұрттың ескертуін хаттамаға қосуды талап етті. Кейбірі көшеде «Қалдыққа қарсымыз! Бізге болашағымыздың дені сау болғаны керек!» деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.
Жиналған жұрттың алдына шыққан Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов сынның астында қалды.
– Мен [талаптарыңызды] жеткізуге, бірнәрсе істеуге тырысамын. Бірақ бәрі менің қолымда емес қой, түсініңіздерші, – деді әкім.
Қоғамдық тыңдауда ПРООН сарапшысы Әмина Бейбітова онлайн сөйлеп, тендерді ЮНИДО (БҰҰ-ның өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымы – ред.) мен Қазақстан экология министрлігі бірлесіп өткізгенін айтты.
– ЮНИДО осы жоба аясында Қазақстанға қалдық жоятын құрал-жабдық сатып әпереді. Беларуське сатып әпердік, Украинада жабдықтар орнатылып жатыр, жақында іске қосылады. Соңғысы – Қазақстан, бұл елге тоңазытқыш (тұрмыста және өндірісте пайдаланылатын тоңазытқыштар) құрылғысын жоятын жабдықтар алынып, жаңа құрылғыға озон қабатын бүлдіретін және қоршаған ортаны ластайтын тұрақты заттарды экологияға қауіп төндірмей жою бағдарламасы орнатылады, – деді ПРООН сарапшысы.
Зауыттың қоршаған ортаға әсерін бағалау құжатын дайындаған компания жоба қорытындысын жариялады. Әйгерім Айтпаеваның пікірінше, кешен құрылысы жерге көмілетін қалдық көлемін азайтып, қоршаған ортаға келетін зиянның (қоқыс алаңындағы өрттен улы заттардың бөлінуі, қоршаған ортаны ластайтын заттардың топырақ пен жерасты суларында жиналуы) алдын алады.
Айтпаева технологиялық регламент қатаң сақталса, апат болмайтынын, зауыт жұмысы үнемі бақылауда болатынын айтты.
Zoom платформасында өткен қоғамдық тыңдау кезінде зауыт салуды қолдап, «қалдықтарды қоқыс алаңында өртегенше, заманауи технологиялардың көмегімен жойған дұрыс» деген пікір білдіргендер де болды.
– Технология көңілге сенім ұялатады. Бұл керісінше, қалаға улы қалдықтан құтылуға көмектеседі. Жобаға қойылған барлық талап орындалса, бұл кешенге көңіл бөліп, сенуге болады. Бастысы, жобада ауытқу болмауы керек. Яғни, қоғам зауыт пайдалануға беріліп, іске қосыларда мән беріп қарауы керек. Сол кезде қандай да бір түсініспеушілік болуы мүмкін, – деді қоғамдық тыңдауға төрағалық еткен Kazakhstan Innovations қоғамдық қоры басшысы Мариям Әбішева сөз берген қала тұрғындарының бірі.
Жиын соңында Әбішева қоғамдық тыңдау өткенін растап, «бұл осы зауыт бойынша соңғы оң немесе теріс шешім қабылданды дегенді білдірмейді» деп ескертті. Оның сөзінше, ескертулер мен ұсыныстар хаттамасы ведомствоаралық кешенді сараптамаға жіберілуі керек.
КОМПАНИЯ ҮНСІЗ ОТЫР
Азаттық тілшісі ПХД қалдықтары мен құрамында тұрақты органикалық ластаушы заттары бар материалдарды өртеу жұмысына жарияланған тендерде жеңіске жеткен «ЭкоЛюкс-Ас» компаниясына хабарласып көрді. Редакция өткен аптаның ортасында компанияға сауал жолдаған. Компания өкілі хабарласып, барлық сұраққа жауап жіберуге уәде берді. 14 маусымда компания «жауап әлі дайын емес» деп хабарлады. Компания өкілдері редакцияның хатына нақты қашан жауап беретінін айтпады.
«ЭкоЛюкс-Ас» компаниясы Instagram парақшасында халық наразылығына байланысты «кешен құрамына кіретін жабдық тоңазытқыш құрылғыларды өңдеп, қайта қолдануға жарайтын материалдарды бөліп алуға және қауіпті қалдықтарды адам денсаулығы мен қоршаған ортаға залал келтірмей жоғары температурада жоюға мүмкіндік береді» деген пікір білдірген.
Азаттық тілшісі БҰҰ-ның өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымына да осы жоба жайлы сұрақ қойып, хат жіберді. Ұйым өкілдері ЮНИДО-ның жобаға жауапты менеджерінің электрон поштасын берген, оған сауал жолдаған редакцияның хатына әлі жауап келген жоқ.
Зауыт құрылысына қолдау көрсетіп жатқан ЮНИДО жобасы қауіпті қалдықтарды, оның ішінде ПХД заттарын тиімді әрі экологияға қауіпсіз түрде жоюға технологиясы мен қуаты жетпейтін Қазақстан сияқты мемлекеттердің мәселесін шешуді көздейді. Қазақстан қол қойып, ратификациялаған Стокгольм конвенциясына сәйкес, мемлекет бұл қалдықтардан 2025 жылға дейін арылуы керек. Жоба аяқталып, зауыт құрылысы біткен соң кешенді бақылау міндеті Қазақстан экология министрлігіне жүктелмек.
Ал жергілікті халық зауытты елдімекендерден алыстау жерге көшіруді талап етіп, күресін жалғастыруға бекініп отыр.