$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстанда қайыршылық «шағын бизнеске» айналып барады

Ішкі істер министрлігіне кейінгі кезде қайыр-садақа сұраушыларға қатысты шағым көп түсе бастаған.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Ішкі істер министрлігіне кейінгі кезде қайыр-садақа сұраушыларға қатысты шағым көп түсе бастаған. Тіленшілер қала көшелерінде бұрыннан болған. Бірақ олардың көбін, ресми дерек бойынша 80%-ын Тәжікстаннан, өзге елдерден келген шетелдік келімсектер құрайтын.

Қазіргі көрініс басқаша: пандемия шетелдіктер қатарын селдіретті, енді қол жайып отырғандардың көбі Қазақстан тұрғындары екені байқалады. Мысалы, Шымкент қаласының Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының «102» нөміріне бір апта, яғни тек 7–13 маусым аралығында 25 азамат қоғамдық орындарды жайлаған қайыршыларға шара қолдануды сұрапты. Бұл – әбден төзімі таусылғандары болса керек. Әйтпесе, жұртшылық көрмегенсіп, көбіне теріс айналып кетеді.

Етегіне жармасса, бұл заңсыз ісі үшін полицияға арызбен жүгінбей, өз бетінше арылуға тырысады. Атырауда биылғы жылғы бірінші тоқсанда ғана 50-ден аса қайыршы жазаға тартылған. Полицейлер қоғамдық орындарда ақша сұраумен айналысатындарды анықтап, заңсыз ісіне тосқауыл қою үшін рейд жүргізіп тұрады.

Ақмола облысында кейінгі бір жыл ішінде 640-тан астам ардан безген адам көшеде жұртқа тиісіп, қаржы дәметкені үшін жауапкершілікке тартылды. Көкшетау мен Щучинскіде тіленшілердің көп үйірсектейтін орны – негізінен, мешіт, шіркеу, базар және қалалық парк. Алайда мұндай заңсыз кәсіп үшін қазір кеңес кезіндегідей ұзақ уақытқа темір торға қамамайды.

Бұл адамдар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің «Қоғамдық орындарда тиісу» (Приставание в общественных местах) деп аталатын 449-бабы бойынша әкімшілік жазамен құтылады. Бұл бапқа сәйкес, бірінші жолы тек ескерту жасалады, әрі кетсе 5 АЕК (2021 жылы – 14 мың 575 теңге) айыппұлмен жазаланады. Бір жыл ішінде ол әрекетін қайталаса, 5 тәулікке изоляторға қамалады. Одан жоғары жаза көзделмеген.

Мысалы, Шымқалада кішкентай қызын қайыршылық жасауға үйретіп жүрген әкенің ұсталуы қызу пікірталас туғызғаны мәлім. Бір ғажабы, оның бұл тірлігін тәртіп сақшылары тоқтатпапты: «Абай» саябағында бір еркектің кәмелетке толмаған жас баласымен бірге ақша сұрап жүргені туралы демалушылар хабарлаған. 63 жасар егде жастағы еркек осыған дейін Жамбыл облысында қайыршылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескертумен құтылыпты. Полицейлермен әңгімесінде «Талдықорған қаласына қайту үшін ақша жетіспей жатқанын», «зейнетақы алмайтынын» айтқан.  

Қаладағы Диваев және Мәделі Қожа көшелерінің қиылысында тағы бір жасөспірім баланың қайыршылықпен айналысып жүргені туралы полицияға хабар түскен. Бұл оқиға бойынша баланың ата-анасы жауапқа тартылып, айыппұл төледі. Елордада да «автобусқа жетпей тұр, 20 теңге беріңізші» дейтін балалар көп кездеседі. Алайда бүгінде астаналық балалар автобуста тегін жүретіні белгілі. Шымкентте сондай-ақ аяқ-қолы сау екеніне қарамастан, кемтар болып көрініп, мүгедектер арбасына отырып, жүргіншілерден қайыр тілеген Қаратау ауданының Бозарық ауылының тұрғыны ұсталды. Оған қатысты да әкімшілік хаттама толтырып, босатылған.

Елордалық педагог Айгүл Ш. жеңіл ақша табуды көздеген адамдар қайыршылықты кәсіп етіп алғанын айтады.  

«Нұр-Сұлтанның көшелерімен келе жатсаң, Момышұлы–Сәтпаев көшелерінің қиылысында тіленші әйелдер толып отырады. Кейбірі баласымен жүр. Әрқайсысының 1-2 баласы бар. Балақайлары алдыңнан жүгіріп шығып, етегіңе оралады, қиыла ақша сұрайды. Елемегеннің өзінде біраз жерге дейін шуылдай ереді, тиын-тебен берсең ғана қалады. Әйелдер де өткен-кеткенге аянышты түрмен қарап, тілемсектенеді. Қайыршылықты тұтас драматургияға айналдырған. Кейбір деректер бойынша балалы аналар ең көп табыс табатын тіленшілер санатына жатады екен. Оларды елорданың үскірік аязы да, аптап ыстығы да үркітпейді. Олардың жыл он екі айға жалғасатын тұрақты кәсібіне кедергі келтіріп жатқан тәртіп сақшылары жоқ», – дейді Айгүл.

Ол бірер жыл бұрын бас қаланың бейнесін бұзып, ажарын кетіретін бұл құбылыспен белсенді күресіпті, полицейлерді үнемі мазалаған. Кейін қолды бір-ақ сілтеген.

«Полицейлер бұларды алып кеткеннің өзінде 3 сағат ұстап, айыппұл жазып, жібере салады екен. Бізде тілемсектерді темір торға қамайтын қылмыстық бап та жоқ болып шықты. Содан полиция бөлімінен шыға сала, олар айыппұл ақысын өтеу үшін кәсібіне бұрынғыдан қызу кіріседі. Сөйтіп, проблема шешілмейді. Қайыр сұраушылар осы орнына күнде таңертең №4 автобуспен келеді, өзгелер қатарлы смартфондарынан жолақысын төлеп жатады. Мейірбан қазақстандықтардың аяушылығын «сауынды сиырға» айналдырған», – дейді педагог.

Аталған дерек бойынша Нұр-Сұлтанның «Алматы» ауданының жергілікті полиция қызметі үн қатты. Тәртіп сақшылары 1980 жылы туылған Нина Демьянованы ұстаған. Оған 5 АЕК айыппұл салыныпты.  

«Онымен құқық бұзушылыққа жол бермеу керектігі туралы түсіндіру жүргізілді. Қоғамдық тәртіпті бұзу деректеріне жолықсаңыздар, Р.Қошқарбаев,26 мекенжайындағы «Алматы» ауданының полиция бөліміне жүгініңіз, немесе 48-24-45 немесе «102» телефонына хабарласыңыз. Қала өміріне белсенді атсалысқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз», – деп жауап қатты жергілікті полиция қызметі.

Кейде сұраншақтар жолға жүгіріп шығып, автокөліктер арасын аралап, апаттық жағдай туғызатыны бар. Айтқандай, «Қазақстанда қайыршылық бизнеске айналып кетті» деген байламды осыдан алты жыл бұрын ІІМ-нің Әкімшілік полиция комитетінің сол кездегі төрағасы Игорь Лепеха айтқан болатын.

«Белгілі бір санаттағы адамдар үшін қайыр-садақа сұрау кірісті бизнеске айналды. Олардың табатын табысы көптеген адал, ресми, заңды жұмыс істейтін еңбеккерлердің жалақысынан әлдеқайда асып түседі. Біз оларды ұстаймыз, әңгімелесіп, еркіндікке жібере саламыз. Олар мұны шыбын шаққан құрлы көрмейді», – деген еді И.Лепеха.  

Содан бері жағдай өзгерген жоқ. Жағдайды алты жыл бұрын, 2015 жылы «Қоғамдық орындарда тиісу» әкімшілік бабын енгізу де түземеді. Әлеуметтік желіде азаматтар белең алған бұл құбылыспен күресу үшін қайыр сұраушыларға тиын да бермеуге үндеп жатыр. Қайыршыларды қылмыс әлемі қорғауына алған деген пікір бар.  

Нұр-Сұлтан тұрғыны Инна Иванованың айтуынша, елордада сырқаттарды емдеуге, түрлі қайырымдылық шараға ақша жинайтын балалар әрекет етеді. Олар «Дети-ангелы» қорына жұмыс істейтін көрінеді. Жасөспірімдердің жанына ересек жетекші еріп жүреді: олар әлдекім баланың қолынан жәшікті тартып алса ғана араласады екен.

«Бұл ұйымның балаларды осы іске жегуі қаншалықты заңды екен? Сондай-ақ таяуда триатлон-паркте шыныққан, шымыр жігіттердің тобы мамонттың баласы туралы белгілі балалар әнін шырқап, жүргіншілерден баланы емдеуге садақа беруді сұрады. Мен амалсыз, ақша бердім. Өйткені қасымда мені қорғайтын ешкім болмады. Бұлшық еттері бұлтылдаған бір топ жігіт паркте қоршап алса, кімнің болсын зәресі кетеді ғой. Бірақ олар еріктіге көбірек ұқсайды. Тек жұрттан көшеде бұлай ақша жинау тәсілін қылмыстық топтар басшылыққа алмаса болғаны», – дейді ол.

inbusiness.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары