«Нұр-Сұлтан» ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, елордаға жарысқа келген спортшылар қонақ үй алдында төбелескен.
Бұл туралы Orda.kz хабарлайды.
Ағымдағы жылдың 20 маусымында полицияға белгісіз біреу Қорғалжың тас жолындағы қонақ үй бөлмесінде ер адамды пышақтап, қашып кетті деген хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына полиция қызметкерлері жіберілді. Тексеру барысында бір топ жастардың 15 маусымда «Қазақша күрес» бойынша республикалық жарысқа Ақтөбе қаласынан келгені анықталды.
Жарыс аяқталғаннан кейін, 20 маусым күні олар қонақ үй бөлмесіне келген. 21 жастағы екі жас жігіттің арасында жанжал болып, арты төбелеске ұласқан. Нәтижесінде олардың бірі екіншісін пышақтап тастаған. Зардап шегуші ауруханаға жеткізілді. 21 жастағы күдікті ұсталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.