Алматыда коронавирустың «үнді» штамын жұқтырушы науқас саны артты. Қалалық СЭБД жаңа жағдайлар туралы хабарлады.
«Өздеріңіз білетіндей, Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мутацияларды анықтау үшін COVID-19 қоздырғышына күнделікті мониторинг жүргізеді. Бүгінгі күні аурудың күрт өсуі тіркелді. Жалпы, «дельта» (үнді) штамына оң сынамалардың үлесі 23% дейін өсті», - деп хабарлады департамент.
Егер бұрын Алматыда «дельта» штамы тек бір сынамада ғана анықталса, үш күннен кейін 11 сынамаға дейін өсу байқалады.
«Осыған байланысты біз бұрын да қалалықтарға жүгінгенбіз. Халықты вакцина алуға шақырамыз. COVID-19 дельта штамының халық арасында таралу қаупі бар. Маска режимін, әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтау керек, қоғамдық шараларға және тұрғындар жиналатын орындарға барудан аулақ болу керек», - деп толықтырды департамент.