$ 494.87  520.65  4.91

«Нәсілшілдікке жол жоқ!»: Флойд қазасына кінәлі полицейге сот үкімі шықты

Кісі өлтіру бабы бойынша күдікке ілінген Миннеаполис полициясының бұрынғы офицері Дерек Шовен 22,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Афроамерикалық Джордж Флойдтың қазасына байланысты сот үкімі шықты. Кісі өлтіру бабы бойынша күдікке ілінген Миннеаполис полициясының бұрынғы офицері Дерек Шовен 22,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жергілікті басылымдарға сұхбат берген Флойдтың адвокаты: «Бүгін АҚШ-тағы шешуші сәттердің біріне куә болдық. Дерек Шовен Миннесота штаттының тарихындағы ең ұзақ мерзімге сотталған полиция қызметкері атанды. Бұл осымен тоқтауға болады деген сөз емес. Өйткені қара нәсілді америкалықтарды өлтіруді доғару керек. Нәсілшілдікке жол жоқ. Естеріңізде болсын, әділеттілікті орнату үшін әлі талай күресуге тура келеді. Мысалы, сол күні әлгі озбырлық орын алмағанда Джордж қазір бізбен бірге, отбасымен бірге болатын еді», – дейді.

Былтыр 25 мамырда Миннеаполис қаласында 46 жастағы Джордж Флойд полицей өкілдерінің көз алдында жан тапсырған. Дүкен кассирі марқұм жалған банкнотпен есеп айырыспақ болды деген уәжбен полиция шақырады. Артынша оқиға орнына келген тәртіп сақшылары күдіктінің қолына кісен салғаннан кейін офицерлердің бірі оның желкесін аяғымен 7 минуттай басып тұрған. Дауысы қарлыққан афроамерикалық өзінің дем ала алмай жатқанын айтады, бірақ оған полицейлер құлақ аспаған.

Осыдан кейін «Мен тұншығып қалдым!» тіркесі шерудің басты ұранына айналды. 29 мамырда Миннесотада Джордж Флойдың өліміне тікелей қатысы бар деп айыпталған бұрынғы полицей Дерек Шовин тұтқындалды. Куәгерлер түсірген видеокадрды сараптаған мамандардың айтуынша, Дерек Шовин Джордж Флойдтың «демала алмай жатырмын» дегеніне қарамастан мойнын қысып ұстап бірнеше минут босатпаған. Бұл ақпарат қоғам арасында қызу талқыға түсіп, бірнеше сағаттың ішінде жұрт көшеге шыға бастады.

Жергілікті полицейлердің Флойдты тұтқындап жатқан сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарап, артынан оның қайтыс болғаны белгілі болған соң Миннеаполис пен басқа да қалаларды жаппай ереуілдер шарпыды. Сотқа дейін жүздеген адам құқық қорғау органдары тарапынан көрсетілетін зорлық-зомбылыққа қарсы бейбіт митинг өткізді. Осыған байланысты Миннеаполис мэриясы қаладағы полиция бөлімшелерінің қоршауларын бекітуге 1 миллион доллар қаржы бөлген. Себебі былтырғы тәртіпсіздіктер кезінде ереуілшілер Джордж Флойдтың өліміне қатысы бар офицер жұмыс істеген жерге от қойған болатын.

1964 жылдан бері АҚШ билігі нәсілшілдік, ұлттық бөліну, гендерлік теңсіздікке қарсы бірнеше заң қабылдаған. 2008 жылы Америкада Барак Обама президент болып сайланғанда «нәсілдік бөліну» кезеңі аяқталғаны туралы пікір кең тарады. Ең алғаш афроамерикалықтың Ақ үй басшысы болуы нәсілдік теңсіздікке тосқауыл болады деп есептегендер саны артты. Обама билік еткен уақытта ақ пен қара нәсілділердің теңдігіне сенетін афроамерикалықтардың саны 76%-дан 64%-ға дейін азайған. Алайда барлық мемлекетте негізгі мәселе саналатын тап пен нәсіл теңсіздігі өркениетті Америкада әлі де бар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары