Солтүстік Қазақстан облысында немересін құтқармақ болған 70 жастағы ер адам деп суға кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 1 шілдеде сағат 19.30-да Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Нежинка елді мекенінде болған. Есіл өзенінде немересін құтқару кезінде 1951 жылы туған ер адам суға батып кеткен.
Оқиға орнына шұғыл жеткен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері ауыл тұрғындарымен және туыстарымен суға батып кеткен ер адамды іздеуге кірісті.
Операция қараңғы түскенге дейін жалғасты, бірақ ол нәтиже бермеді. Іздестіру жұмыстарына 2 шілде күні таңертең СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы тобының Петропавлдан келген 10 сүңгуірі қосылды. Сүңгуірлік жұмыстар күрделі жағдайда – үлкен тереңдікте, күшті ағыста, нашар көріну жағдайында жүргізіліп жатыр.
Суға кеткен ер адам Новоишимское елді мекенінің таксопаркінде такси жүргізушісі болып жұмыс істеген екен. Бір күн бұрын ол тапсырыс алып, тапсырыс берушіні 1 шілдеде Бірлік ауылына апарған.
Өзімен бірге 7 жастағы немересі болған. Кері қайтып келе жатып, ол Бірлік және Нежинка елді мекендерін жалғайтын Есіл өзеніндегі көпірге жақын жерде машинаны жуу үшін тоқтаған. Бір мезет жағада жүрген немересінің суға құлағанын, оны қатты ағын алып кетіп бара жатқанын байқаған. Баланы құтқару үшін, ер адам суға секіріп, баланы жағаға шығарған, бірақ ағынға төтеп бере алмай суға батып кеткен.
Мамандардың айтуынша, ер адам батып кеткен орын шомылу үшін қауіпті, ол жерде суға түсуге тыйым салынған.
Жалпы биыл облыстың су айдындарында 10 адам қаза тапты, оның төртеуі шомылу барысында мерт болған. Суға кеткендердің үшеуі – бала.