1 шілдеде кешкі уақытта Чапаев-Жаңақала-Сайқын тас жолында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті хабарлады.
Ведомство дерегінше, тас жолда Lada Granta мен ВАЗ-2107 бетпе-бет соқтығысқан. Көліктерде барлығы 12 адам болған.
"Жол-көлік оқиғасы салдарынан төрт адам қайтыс болды, оның ішінде жеті жасар бала бар. Жараланған 8 адам облыстық ауруханаға жатқызылды", – деді Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин.
Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес (абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соқтырған жол ережесін бұзу) сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сараптама тағайындалды. "Lada Granta автокөлігінің жүргізушісі рульде ұйықтап кетіп, қарсы жолаққа шығып кеткен болуы мүмкін", – деп болжам жасады полицейлер.