Жабдықталмаған жерде суға шомылу қайғылы жағдайға әкеп соқты. Қарағанды қаласының Фёдоров су қоймасында 18 жастағы жасөспірім үрмелі матрастан аударылып түсіп, суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2 шілде күні сағат 14:55-те Федоров су қоймасында, суға шомылуға арналмаған жерде 2003 жылы туған жас жігіттің суға батып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Қазіргі уақытта ТЖД құтқарушылары іздестіру жұмыстарын жүргізуде.
Қарағанды облысының ТЖД судағы қауіпсіздік ережелерін тағы да естеріңізге салады:
— арнайы рұқсаты және құтқару қызметі бар жабдықталған жағажайларда және басқа да шомылуға арналған орындарда ғана шомылыңыз;
— жүзе білмесеңіз, белден жоғары суға кірмеңіз;
— суға шомылу кезінде бір-бірлеріңізді көзден таса қылмаңыздар;
— жағалаудан алысқа қалтқылар мен қоршау белгілерінен ары жүзбеңіз;
— жүзе білмесеңіз, жүзу үшін шеңберді, үрлемелі матрастарды пайдаланбаңыз;
— қайықтан, көпірден және айлақтардан суға секірмеңіз;
— тым ұзақ шомылмаңыз, қатты тоңып қалуыңыз және шаршауыңыз мүмкін;
— түнгі уақытта және мас күйде шомылмаңыз;
— балаларды бір минутқа да қараусыз қалдырмаңыз.
Осы ережелерді сақтау сіздерге және балаларыңызға судағы қайғылы жағдайлардан аулақ болуға көмектеседі!
Құтқару қызметінің бірыңғай телефон нөмірі – «112».