Бүгін футболдан Еуропа чемпионаты жартылай финалына жолдама алған алғашқы құрама анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ширек финал сатысында бүгінге екі ойын жоспарланған.
Алғашқысында Швейцария мен Испания шеберлік байқасты.
Екі құрама бұған дейін 24 мәрте кездесті. Оның 18-де Испания басым түсіп, 1-де Швейцария жеңсе, қалғанында тең есеп тіркелді.
2010 жылдың 16 маусымында әлем чемпионаты финалдық сатысында Швейцария аталған қарсыласынан 1:0 есебімен жеңілген болатын.
Бүгінгі ойында швейцариялық футболшылар жеңіске жету жолын іздеді. Кездесудің бастапқы кезеңінде испаниялық құрама белсенділігі байқалып тұрды.
Нәтижесінде 8-минутта олардың тепкен добы швейцариялық Денис Закарияға тиіп, бағытын өзгертті. Осылайша олар өздерінің қақпасына автогол соғып алды.
Екінші кезеңнің 68-минутында швейцариялық Шердан Шакири таразы басын теңестіріп кетті.
Бұдан кейін олардың қатарынан Ремо Фройлер қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Швейцария бұдан кейін қорғанысқа кеткен жоқ. Қолайлы сәттерде алға қарай ұмтылды.
Ойынның негізгі кезеңінде 1:1 есебі тіркелді. Кездесу овертаймға ұласты. Овертаймда да жеңімпаз анықталған жоқ.
Пенальти сериясында испаниялық футболшылардың жолы болып, жартылай финалға шықты.
Енді олар жартылай финалда 6 шілдеде Бельгия мен Италия жұбының жеңімпазымен жасыл алаңға шығады.
Бүгінгі тағы бір кездесуде Бельгия мен Италия құрамалары жасыл алаңға шығады. Ойын елорда уақытымен 00.50-де басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Сондай-ақ, жарыстың аталған сатысында 3 шілдеде Чехия мен Дания, Украина мен Англия құрамалары кездеседі.