03.07.2021, 14:40

Алматы-Қорғас тасжолында ыстықтан бетон плиталар көтеріліп кетті (ВИДЕО)

Тасжол ауа температурасының күрт көтерілуінен бетон плиталар ығысып, жүріс бөлігінің жабыны көтеріліп кеткен.

Алматы облысында ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты Алматы-Қорғас тас жолында бетон плиталар орнынан жылжып кетті. Жол жабыны көтеріліп, бірнеше көлік зақымдалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

What's app мессенджерінде Алматы-Қорғас тасжолында бетон плиталар қайта көтерілгені туралы ескерту айтылған видеолар тарап жатыр.

"Шелек жақтан келе жатсаңыз Маловодноеға жетпей бетондар қайта көтеріліп кеткен. Абай болыңдар, жігіттер", - дейді видео авторы.

ҚазАвтоЖол мәліметінше, 2021 жылы 2 шілдеде "Алматы-Қорғас" (Бәйдібек Би кенті ауданында) автомобиль жолының ақылы учаскесінің 86-шақырымында ауа температурасының күрт көтерілуінен бетон плиталар ығысып, жүріс бөлігінің жабыны көтеріліп кеткен. 

"ҚазАвтоЖол" қызметкерлері әкімшілік полициямен бірлесіп жедел түрде ескерту жол белгілерін орнатты, сондай-ақ жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде полицияның патрульдік көлігі қойылды. Осы учаскедегі ақау жедел жойылды. "ҚазАвтоЖол" уақытша қолайсыздықтар туындағаны үшін кешірім сұрайды және жол пайдаланушыларына уақтылы хабардар еткені үшін алғыс білдіреді", - деді компания өкілдері. 

Тегтер: тасжол бетон