Елдегі ақылы жолдардағы тариф Желі қолданушыларын ашуландырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz .
Көлік жүргізушілерінің бірі ақылы жолмен жүру құнын есептейтін терминалдың маңында түсірілген кадрларды жариялады. Видео авторының айтуынша, ол жүк көлігімен Алматыдан Жаркентке барып, қайтып келген. Барлығы 600 шақырым жол жүрген. Сапар аяқталған соң жол жүру құны 15 000 теңге болған.
"Ертең жаяу жүреміз... Әрі қарай не болмақ?", - дейді жүргізуші.
Қолданушылардың көбі наразылығын білдіріп, пікір қалдырған. Олардың айтуынша, ақылы жолдағы тариф ұсынылатын сервиске сай емес. Пікірлердің кейбірін назарға ұсынамыз:
Мұндай баға үшін әр шақырым сайын тамақтандырып, шай беру керек. Сонымен қатар әжетхана мен себезгі ұсылынуы қажет. Ал біздегі әжетханалар жайлы айтып керегі жоқ. Кіруге де зауқың болмайды. Неліктен АҚШ-тағы секілді жасамайды: себезгі мен әжетхана, салқындатқыш орнатылса. Онда мұндай ақша төлеуге болады. Жолдың бойы жарықтандырылса. Сол кезде 15 мың теңге төлеуге келісер едім.
Қарсылықтарыңызды ҚР басшылығына айтыңыздар. Тарифтің көтерілгені рас. Алыс жолға жол жүретін жүргізушілер бекер митингіге шыққан жоқ. Бағаны өсіргені халықты ойламайды дегені. Тым болмаса логистикалық компаниялар жол шығынын қадағаласа.
Сұмдық, бұл - Қазақстан! Ақылы жолдар Қытайда да бар. Бірақ 20 юань ғана төлеу керек - бұл 1000-1500 теңге. Жанында тегін жол бар, алайда ол сәл ұзағырақ.
Жолдар бюджеттегі ақшаға, халықтың ақшасына салынады. Жолды өз ақшаларына салды ма деп ойлайсың.
Пікір қалдырғандардың арасында тарифтің қымбаттауына жақсы пікір білдіргендер де бар. Жағдайды қалжыңға айналдырғандар да болды.
Ақылы жолмен күнделікті жүрсең, ақысы да сәйкесінше қымбат болады. Тегін жолды қолдан. Жаңа жолмен жүреді де, ақшасын төлегісі келмейді.
Бұл жол бетоннан жасалған трамплиндерімен қызықты. Бәлкім, осыған байланысты қымбаттаған шығар. Бұған дейін олай болмады ғой.
Бірнеше жыл төлемегендіктен шығар. Енді өзі де таңғалып тұр.
Елдегі барлық ақылы жолға жауап беретін ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясындағылар 15 000 теңгелік тарифке байланысты пікір білдірді. Хабарламада видеодағы оқиғаның биыл 4 шілдеде, Алматы-Қорғас жолында болғаны айтылған.
"Алынған деректерге сәйкес, 3 шілдеде бұл жүк көлігінің Байсерке ауылымен жолдың ақылы бөлігіне кіргені тіркелген. Төлем - 300 теңге. 4 шілдеде Алматыдан Жаркентке ақылы жолмен барған. Төлем - 7 350 теңге. Бұдан кейін 5 шілде Жаркенттен Алматыға жол жүрген. Төлем құны 7 350 теңгеге тең. Нәтижесінде жүк көтергіші 15 тоннадан асатын транспорт құралы үшін 15 000 теңге төлеуі қажет", - деп түсіндірді ҚазАвтоЖол баспасөз қызметіндегілер.
Сонымен қатар жүк көлігінің жүргізушісі көлік нөмірін жасыруға тырысқан. Алайда құрылғылар заң бұзушыны анықтай алған. Бұл әрекеті үшін полиция қызметкерлері ер адамға әкімшілік хаттама толтырды. Енді ол айыппұл төлеуі қажет.