2017 жылы Қазақстанға келетін қытайлық туристердің саны 1 миллион адамға жетеді деп күтілуде. Бұл туралы Қазақстан-Қытай туристік форумы аясында Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығының президенті Әсел Нұркебаева мәлімдеді деп жазады Informburo.kz.
"Қытайлықтар - әлемдегі ең жиі саяхаттайтын ұт болып есептеледі. Соңғы деректер бойынша, Ресей былтыр көрші елден 1 миллион турист қабылдапты. Бұл көрсеткіш біз үшін де үлкен жетістік болар еді. Дегенмен, келер жылы біз тырысып, осынау миллиондық көрсеткішке қол жеткіземіз деп ойлаймын", - дейді Ә.Нұркебаева.
Оның айтуынша, форум барысында екі елдің арасындағы туристік саладағы серіктестік мәселелері талқыланады. Қазір Қазақстанда ЭКСПО көрмесі қарсаңында туристерді қабылдауға дайындықтың қызу жүріп жатқаны белгілі. Қонақ үйлермен, мейрамханалармен келісімшарттар жасалып, кәсіби гидтер дайындалып жатыр. Олар қытай тілін жетік меңгеруі тиіс.