Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов осы бағытта атқарылған жұмыстарға қарамастан қарапайым адамдарға өз мәселесін пара беру арқылы шешу ыңғайлы болып тұрғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ол ведомствоның бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысы бойынша өткен алқа отырысында мәлім етті. Ведомство басшысы барлық сыбайлас жемқорлық қылмыстарының үштен бірі пара берумен қатысты екенін еске салды.
«Халыққа пара беріп, өз мәселесін тез әрі жеңіл шешкен ыңғайлы. Адамдар заңсыз артықшылық немесе пайда алу, бюрократиялық кедергілерді айналып өту үшін пара беруге мәжбүр. Бұл ішінара азаматтардың менталитетіне байланысты. Кейбір адамдар үшін мәселені парамен шешу өмір сүру нормасына айналған. Өкінішке қарай, «қол ақысын беру», «сый-сияпат беру» секілді жағымсыз әдеттер халықтың бойына сіңіп кеткен», - деген агенттік басшысы пара берушілердің өз әрекеті үшін жауапкершілік бар екенін ескере бермейтінін атады.
«Адамдар шенеуніктердің пара алуына саналы түрде барады... Цифрландыру, құқықтық құралдар мен бюрократиялық кедергілерді жою, жұмысты ашық және айқын ету жемқорлықты жоюға ықпал етеді. Сонда ғана халық агенттікке жүгініп, көмек сұрайды», - деді Марат Ахметжанов.