11.07.2021, 10:34

«Көлікпен қағып, ұрып, тонап кетті»: 15 жастағы шымкенттік қыз үндеу жасады

"Әкемді өлтірген адамды тауып, әділеттік орнатқымыз келеді", - дейді ол.

15 жастағы Нүрила Байтукаева белгісіз біреулер оның әкесін ұрып, тонап кеткенін айтты. Әкесі ауруханаға жеткізілгенімен оны аман алып қалу мүмкін болмаған. Ол әлеуметтік желідегі парақшаларында кінәлілерді табуға көмектесуді сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Бәріне сәлем! Менің есімім Нүрила, жасым 15-те. 6 шілдеде әкемнен айырылып қалдым. Әкемді 6 шілдеге қараған түні Шымкенттегі Қазыбек би көшесінде филармонияның жанында шамамен 00:00-ден 3:00 аралығында көлікпен қағып кетті. Әкемнің ұялы телефонын, құжаттары мен ақшасын ұрлап, оған көмектеспей, сол жерде өлуіне жол берді. Сол жерде өтіп бара жатқан адамдар жедел жәрдем шақырды, алайда, өкінішке қарай, сағат 8.00-де әкем қайтыс болды. Бұл ақпаратты барлық жерге таратуды сұраймын. Әкемді өлтірген адамды тауып, әділеттік орнатқымыз келеді", - деп жазды Нүрила.

Шымкент қаласының Полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Бүгінде соталды тергеу жүріп жатыр.  

"Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бүгінде көлік жүргізушісін анықтау үшін қажет шаралар жүргізіліп жатыр", - деді полиция өкілдері.