Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы коронавирус стационарларының ішінен видео түсіріп, адам көп жиналған реанимациялық бөлімшелерді көрсетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Бұл төсектерде сіздің туыстарыңыз немесе өзіңіз болуыңыз мүмкін. Ауру өте ауыр және өкінішке қарай жасарып барады. Біздің барлық қызметкер 24 сағат бойында пациенттердің өмірі үшін күреседі. Видеоны бұл сөзіміз қаншалықты маңызды екенін түсіну үшін көрсетемін", - дейді видео авторы.
Басқарманың Instagram желісінде жарияланған видеосына "Артық сөздің қажеті жоқ" деген сипаттама жазылған. Кадрларда елордалық ауруханалардың бірінде жатқан пациенттер көрсетілген. Бос төсек жоқ. Мұндай медициналық мекемелерде тек коронавирус жұқтырған науқастар бар.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл кадрларда №1 Көпбейінді қалалық аурухана мен №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасындағы жағдай түсірілген.
"Біз жұқпалы аурулар ауруханасына айналғаннан бері барлық реанимация толығымен аяқталды. Ауыр науқастар көп, күн сайын қайтыс болып жатқан адам көп. Балалар ауыра бастады. Әрқайсыңыз өз денсаулығыңызға жауапкершілік алыңыз", - деді дәрігер астаналықтарға.
Айта кетейік, №1 Көпбейінді қалалық аурухана 9 шілдеден бастап коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдап жатыр. Бұл үшін медициналық мекемеде 600 төсек-орын бар. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтандағы №2 Көпбейінді қалалық аурухана пациенттерді жоспарлы емдеуге жатқызуды тоқтатты.
Бұдан басқа, 230 төсектік қалалық психикалық денсаулық орталығы және Қорғаныс министрлігінің 90 төсектік Бас әскери клиникалық госпиталі жұқпалы аурулар ауруханасына айналды.
Кейінгі тәулікте Нұр-Сұлтанда 978 адамнан корнавирус анықталғанын жазғанбыз. 2021 жылғы 12 шілдеде Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 1-ші компонентін 4 486 677 адам, 2-ші компонентін 2 490 517 адам салдырды.