Түркістанда он жыл тұрмыста болған көпбалалы ананы үйінен қуып шыққан. Төрт қызымен бірге қалдырып кеткен 28 жастағы әйелдің күнкөріске қаражаты жоқ. Әкесінен қалған ескірген үйіне оралуына тура келді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.
Надираның айтуынша, оны 17 жасында ата-анасы бейтаныс адамға мәжбүрлеп тұрмысқа берген. Бұдан соң әйелді ауылға алып кетеді. Сүймейтін адаммен отбасылық өмірге үйренісу қиын болған. Бір жарым жыл бұрын күйеуі кетіп, әйелі мен қыздарын анасының үйінде қалдырған.
“Қайын енем барлық мемлекеттен алып отырған жәрдемақымды ала бастады. Менің атыма несие алып, оны төлемеді. Жақында он жасар қызымның шашын түгел алып тастады. Жанжал болып, бізді үйден заттар мен ақшасыз қуып жіберді. Мейірімді адамдар Түркістаннан Шымкентке жетуге көмектесті”, – дейді әйел.
Надираның ата-анасы қайтыс болған. Олардан өте ескі үй ғана қалыпты. Бұдан басқа олардың баратын жері жоқ. Туыстарының ішінде тек сырқат әпкесі ғана бар көрінеді.
“Азық-түлікті жақсы адамдар әкеп жүр. Соның есебінен қазір күн көріп жүрміз. Бәрі уақытша деп үміттенемін. Адамдардың мойнына отырып алғым келмейді. Жұмыс істегім келеді. Адамдардан осы қиын сәтте маған көмектесуін сұраймын. Содан кейін жұмыс істеп, балаларымды оқытамын”, – дейді ол.
Балнұр Өтегенова Надира ауыр жағдайы туралы достарынан білген. Олар бірге отбасына көмектесуге шешім қабылдап, отбасыға жаңа үй салу үшін ақша жинайды. Бір апта ішінде екі миллион теңгеге жуық қаражат жиналған. Әзірге бұл сома жеткіліксіз. Сонымен қатар жерді Надираның атына заңдастыру қажет.
“Бұл үйдің құжаттары мүлдем жоқ. Жалғыз көршілерінен алынған өтініш қана бар. Олар бұл отбасының мұнда 30 жыл өмір сүргенін растайды”, – дейді Балнұр.
Елімізде Надираның оқиғасы жалғыз емес. Әйелдерге арналған дағдарыс орталығына көмекке жүгінген нәзік жандылардың 90 пайызы бір кездері мәжбүрлеп үйленгенін немесе алып қашқанын айтады. Көбінесе бұл кедей отбасыларда болады. Ата-аналар күнделікті қажеттіліктері мен біліміне ақша жұмсамау үшін қыздарынан ерте құтылуға тырысады. Мұндай некелердің соңы жақсылыққа апармайтыны белгілі.
Надира құжаттарын қалпына келтіруге көмектесуді сұрайды. Содан кейін қыздарын асырау үшін өз бетінше жұмыс істегісі келеді.