Грузияның арнайы пенитенциарлық қызметі Әсел Айтбаеваны зорлады деп айыпталған күдіктінің неден көз жұмуы мүмкін екенін анықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Грузияға сілтеме жасап.
Айыпталушы Бесик Тордуа пенитенциарлық мекемеге түскен кезде артериялық гипертензиядан зардап шегетіні анықталған.
Грузияның арнайы пенитенциарлық қызметінің мәліметінше, Қазақстан азаматшасын зорлады деп айыпталған Тордуаның өлімінің болжамды себебі – ми инфарктісі.
Қызметтің хабарлауынша, айыпталушы 28 мамырда пенитенциарлық мекемеге түскен кезде медициналық тексеру жүргізіліп, артериялық гипертензия диагнозы қойылған. Осыған байланысты ол медицина қызметкерлерінің бақылауында болды.
Грузиядағы қазақстандық қыздың өліміне қатысты іс бойынша тергеуге Қазақстаннан мамандар тартылып жатыр.
30 маусымда Тордуа дәрігерге басы қатты ауырып жатқанын айтқан. Айыпталушының сөйлеу қабілеті бұзылып, қан қысымы жоғарылай бастаған. Кейіннен мидың қан айналымының бұзылуына байланысты жедел жәрдеммен азаматтық клиникаға жеткізілген.
Клиникада жүргізілген мидың компьютерлік томографиясының нәтижелері және невропатологтың кеңесі бойынша: ми инфарктісі диагнозы қойылды.
"Жағдайы ауыр болуына байланысты айыпталушы реанимация бөліміне жатқызылды, ем қабылдап, қарқынды бақылауда болды. Нейрохирургтың кеңесі бойынша шұғыл ота қажет болды. Операциядан кейін науқастың жалпы жағдайы ауыр, гемодинамика көрсеткіштері тұрақсыз болған", – делінген пенитенциарлық қызметтің хабарламасында.
Емдеуге қарамастан, науқастың жағдайы нашарлап, 14 шілдеде жүрек соғысы бұзылып (брадиаритмия), көп ұзамай асистолияға айналып – жүректің жұмысы тоқтады.
Айта кетсек, Қазақстандық бойжеткен Әсел Айтпаеваны зорлады деп айыпталған Грузия азаматы Бесик Тордуа түрмеде өлі табылған болатын.
Еске салайық, 6 мамырда қазақстандық бойжеткен Грузияда түсініксіз жағдайда көз жұмғаны айтылған еді. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол тоғызыншы қабаттан құлап кеткен. Кейіннен Грузия бас прокуратурасы Әселдің зорланғаны туралы мәлім етті. Өлер алдында ол досына аудио хабарлама жіберіп үлгерген, онда ер адам оған зорлық-зомбылық көрсетемін деп қорқытқанын естуге болады. Сонымен қатар қыздың өлімін егжей-тегжейлі тергеу үшін Қазақстан ІІМ Грузияға өзінің тергеу-жедел тобын жібереді.
Әсел Грузияға өзінің алыс туысы – немере әпкесінің күйеуі Мұрат Мейірбековтың шақыруымен жұмыс істеуге барған. Ол қыздың өліміне қатысы болды деген күдікпен ұсталды. Сондай-ақ іс бойынша күдіктілердің қатарында Грузия азаматы да бар.
Тергеу барысын Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова өз бақылауына алды.