$ 494.87  520.65  4.91

Кеңес уақытындағы вакцинация туралы фейк тарап жатыр

Вакциналар гендік терапия құралы деген теорияларды әртүрлі елдердің сарапшылары мен фактчекерлері бірнеше рет жоққа шығарды.

Әлеуметтік желілерде медициналық университеттердің бұрынғы оқытушысы кеңес заманында жаппай вакцинация әрдайым ауру таралғанға дейін жүргізілген, вакцина өндірісінде тек "тірі" вирус қана қолданылған және қазіргі вакциналар "гендік аппаратқа" әсер етеді деп мәлімдеген видео тарады. StopFake.kz Қоғамдық денсаулық сақтау медицина ғылымдарының магистрі, "Қарағанды медицина университеті" КЕАҚ PhD докторанты Жұлдыз Қуанышпен бірге осы және басқа да мәлімдемелерді талқылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Видео басында 81 жастағы Людмила Ивановна Носова өзінің эпидемиолог, ғылым кандидаты және доцент екенін айтады, 1966 жылы медуниверситетті бітіріп, өмір бойы Қарағанды және Ақтөбе университеттерінде жұмыс істеген. Ол өз сөзінде "Кеңес заманында бұл (вакцинация, - автор.) ауру тараған кезде емес, иммунитет қалыптастыру үшін ауру басталмай тұрып жасалған" дейді.

"Бұл мәлімдемені жоққа шығарғым келеді, өйткені сырқаттанушылық деңгейі артқан кезде эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцинациялау өте маңызды. Медицинада тарихта қалған көптеген аурулар (мысалы, табиғи шешек) бар. Оларды вакцинацияның арқасында жеңген. Бұл ауруларға қарсы вакцинация да науқастар саны өскен кезде жүргізілді", - дейді Жұлдыз Қуаныш.

Ролик кейіпкері вакциналар тез арада әзірленгендіктен, оларға күмәнмен қарайды: "Вакцина тиімді болуы үшін Пастер институты вакцинаны жаппай өндіріске жібермес бұрын 3-5 жыл зерттеген".

"COVID-19 вакциналары қысқа мерзімде әзірленгеніне қатысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) түсініктеме берді. Әдетте вакцина жасау бірнеше жылға созылады, бірақ коронавирус инфекциясының жағдайында үкіметтер мен компаниялар шұғыл қажеттілікке байланысты оны әзірлеуге көп қаржы жұмсады. Вакцинаның ғылыми зерттеулері мен тәжірибелік әзірлемелері, қауіпсіздіктің жоғары деңгейін және клиникалық стандарттарға сәйкестігін сақтай отырып қатар жүргізілді. Мұның бәрі вакциналарды жасау процесін тездетуге көмектесті. Зерттеу мен әзірлеудің барлық кезеңі сақталды", - дейді медицина ғылымдарының магистрі Жұлдыз Қуаныш.

"Кеңес заманында басқа вакциналар болды, тірі табиғи микроб, вирус және т.б.. Ал қазіргі кезде қолдан жасалған бөлшек алынып, соны егеді, ол иммундық жүйеге емес, гендік аппаратқа әсер етеді", - дейді видео кейіпкері.

"Антигендік материалдың түрі бойынша вакциналар үш түрге жіктеледі: тірі, өлтірілген (белсенді емес), суббірлікті. Бұл жіктеу кеңес заманында да болған, оны КСРО кезіндегі ғылыми басылымдар мен кітаптардан білуге болады. Мысалы, полиомиелитке қарсы белсенді емес вакцинаны 1952 жылы Питтсбург университетінің өкілі Джонас Солк жасаған. Демек, өлтірілген вакциналар сол кездері де әзірленген және пайдаланылған.

Қазақстанда COVID-19-ға қарсы бірнеше вакцина қолданылады. Бұл қазақстандық QazVac, ресейлік "Спутник V", қытайлық Hayat-Vax және CoronaVac.

Hayat-Vax және CoronaVac - қытайлық Sinovac Biotech компаниясы және Бейжіңдегі Sinopharm биологиялық өнімдер институты әзірлеген белсенді емес вакциналар. "Спутник V" - бұл Гамалея атындағы Ресей ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы жасаған векторлық вакцина. QazVac - Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты әзірлеген белсенділігі жойылған вакцина", - деп түсіндірді сарапшы.

Вакциналар гендік терапия құралы деген теорияларды әртүрлі елдердің сарапшылары мен фактчекерлері бірнеше рет жоққа шығарды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары