Токио Олимпиадасында жүлде алған спортшыларды коронавирус ахуалына байланысты медальді өздері тағатын болды. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах мәлім етті.
ХОК басшысы дәстүрге айналған салтанатты іс-шарада өзгеріс болғанын хабарлады. Мұндай қадам коронавирусқа қарсы шараны күшейту мақсатында қабылданған. Әдетте марапаттау рәсіміне қатысатын ХОК өкілдері мен құрметті қонақтар дезинфекцияланған қолғап киіп, маска тағады.
Спортшылар болса арнайы ыдыстан медальді өздері алады. Бұған дейін бірнеше халықаралық жарыстарда осылай болған еді. Сондай-ақ салтанатты іс-шараға қатысушылар маска тағуға міндетті.
Олимпиада ойындарының медалі 6 миллионға жуық өңделген электронды құрылғыдан жасалады.
Токио-2020 ұйымдастыру комитеті медальдарды қоршаған ортаға зиянсыз болатындай өңделген кіші көлемді электронды құрылғылардан жасайтынын 2017 жылдың ақпан айында жариялаған. Сол уақыттан бері Жапонияның түкпір-түкпірінен тұрғындар қажетсіз ноутбук, цифрлық фотоаппарат, смартфондар мен ұялы телефондарын өткізе бастаған. Нәтижесінде жиналған 80 000 тонна өнімнен 5000 алтын, күміс және қола медальдар жасалды.
Медальдың бет жағында Токио Олимпиадасының эмблемасы орналасқан, ал артында ежелгі грек мифологиясындағы жеңіс құдайы бейнеленген. Ал медаль лентасында жапон мәдениетіне сай түстер мен өрнектер бар. Авторы – жапондық дизайнер Дзюнъити Каваниси.