Жаңалықтар 19.07.2021 сағат 17:20

Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді - толық мәтін

Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шара барысында биылғы бірінші жартыжылдықтағы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер анықталатынын айтты.
Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді - толық мәтін
Фото: akorda.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысын өткізді, деп хабарлайды Ақорда.

Бейнебайланыс режимінде өткен жиынға Премьер-Министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Үкімет мүшелері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шара барысында биылғы бірінші жартыжылдықтағы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер анықталатынын айтты.

Пандемия және экономика
– Індетке және шектеу шараларына қарамастан, ел экономикасы жарты жыл ішінде 2,2 пайызға өсті. Бұл – қуантарлық жайт. Былтыр пандемияның салдарынан ішкі жалпы өнім 2,6 пайызға төмендеді. Біз оны тезірек қалпына келтіруіміз керек. Дағдарысқа қарсы қабылданған шаралармен және карантиндік шектеулермен бірге әлемдік экономиканың жандануы іскерлік белсенділіктің қайта қалпына келуіне септігін тигізді. Біздің міндетіміз – екінші жартыжылдықта экономика өсімінің қарқынын арттыру, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа штамдардың бітпейтін толқындары коронавирустың біздің өмірімізге мықтап енгенін көрсетеді. Мұндай жағдайларға бейімделіп, өмір сүруді үйрену қажет. Індет таралған ірі ошақтардың пайда болуын азайту және денсаулық сақтау жүйесіне шектен тыс салмақ түсуіне жол бермеу – өзекті міндет.

– Күрделі жағдайлар мен өлім-жітімді азайту, сондай-ақ, ауыр халдегі науқастарды емдеуге баса мән беру керек. Коронавирусқа қарсы күресте өзгеше әдістерді пайдалану тек медициналық аспектілерге ғана емес, бизнестегі шектеу шараларына да қатысты. Мониторинг жүргізу топтарының жұмысын қайта қарап, Ashyq жүйесі сияқты цифрлық шешімдерді белсенді пайдалану қажет. Шағын және орта бизнес қызметкерлерін вакциналау мерзімін науқаншылыққа ұрындырмай, шынайы жүргізу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалған екпе құжаты: Өте қауіпті жағдай
Президент вакциналауға қатысты жалған құжаттар жасау деректеріне назар аударып, оның қоғам үшін өте қауіпті жағдай екенін атап өтті. Сондықтан құқық қорғау органдары осы мәселеге баса назар аударуға тиіс. Мемлекет басшысының пікірінше, азаматтарымыз өздерінің және жақын туыстарының денсаулығын ойлап, саналы түрде шешім қабылдауы керек.

– Антиваксерлердің қауесет, даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ. Сондықтан біз екпе салу науқанын жалғастырамыз. Ал, кейбір жекелеген салаларда міндетті түрде вакцина салдыру қажет болады. Бұл үшін заңнамалық та, конституциялық та негіз бар. Турасын айтсақ, бұл – әркімнің өз отандастары алдындағы міндеті, парызы, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар үшін қол жетімді вакцинаны, соның ішінде, халықаралық деңгейде мойындалған екпенің көлемін ұлғайту қажет екенін айтты.

– Былтыр мен тиісті тапсырма бердім. Бірақ компанияның Қазақстанға бөлген Pfizer вакцинасын жеткізу ісі тоқтап қалды. Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, Pfizer компаниясы Қазақстанға биыл мамыр айында 2 миллион доза вакцина жеткізуді жоспарлаған. Үкімет екпе жеткізу ісінің тоқтап қалуын Pfizer қойған бірқатар талаптармен байланыстырады. Бірақ аталған шарттар – вакцина сатып алатын барлық ел үшін бірдей стандарт. Жуырда жаңа ұсыныс келіп түсті. Онда бүкіл іс-қимыл алгоритмі қамтылған. Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қоюы керек дейді. Егер қажет болса, мұны істеуге дайынмын. Үкіметке, Президент Әкімшілігіне қалыптасқан ахуалды тексеріп, біздің нарық үшін қажетті осы екпенің жеткізілуіне кедергі келтірген лауазымды тұлғаларға қатысты шара қабылдауды тапсырамын. Түптеп келгенде, біз азаматтарымыздың өздері қалаған екпені салдыруына мүмкіндік беруіміз қажет. Pfizer вакцинасына қол жетімділік мәселесін қысқа мерзім ішінде шешу керек, – деді Президент.

Жаңа оқу жылы туралы
Мемлекет басшысының айтуынша, пандемия білім сапасына кері әсерін тигізді. Сондықтан өткен оқу жылындағы жіберілген кемшіліктердің орнын толтырып, жаңа оқу жылында көштен қалып қоймауымыз керек.

– Мұның бірден-бір жолы – оқытудың бұрынғы форматына көшу. Үкіметке жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттердің дәстүрлі оқу жүйесіне оралуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Коронавирустың жаңа штамдары пайда болып жатқан кезде бұл міндетті орындау оңай емес екенін түсінемін. Сол себепті оқушылар мен мұғалімдерді барынша қорғайтын кешенді тәсіл әзірлеу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Инфляция және оны ауыздықтау жолдары
Президент дағдарысқа қарсы қабылданған шараларға байланысты қаржының тым көп салынуы және жеңілдетілген ақша-несие саясаты инфляцияның қарқынын күшейтіп жіберді деп санайды. Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымдарының мәліметі бойынша азық-түліктің әлемдік бағасы 40 пайызға өскен. Бұл – он жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Осындай жағдайда еліміздегі инфляция деңгейі бірінші жартыжылдықта 7,9 пайызға жетті. Азық түлік бағасының қымбаттауы аса өзекті проблемаға айналды. Пандемия азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан еліміздің осал тұстарын айқындап берді.

– Отандық ауыл шаруашылығы саласының ішкі нарықты негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ете алмауына қатысты айтылып жатқан сын өте әділ. Өндірістік шығындардан бөлек, маусымдық қымбатшылық пен делдалдық әрекеттердің ашық болмауы баға белгілеудің негізгі факторлары болып табылады. Аты айтып тұрғандай, тасымалға маусымдық болжам жасауға болады. Демек, оны реттеуге де болады деген сөз. Аталған мәселені шешудің жолы – келесі маусымға дейін өнім сақтайтын заманауи әрі қол жетімді инфрақұрылым қалыптастыру. Көкөніс сақтайтын қоймалар салу және жаңғырту жөнінде бірнеше рет тапсырма берілді. Бірақ жағдай жақсарған жоқ. Бұл проблеманы жүйелі шешу керек. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, көкөніс сақтайтын қоймалар салу және жаңғырту жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Осы мақсатты қолдау үшін біздің көптеген бағдарламаларымыздан қаржы бөліңіздер, – деді Мемлекет басшысы.
Үкіметке "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұрудың қазіргі тетіктерінің тиімділігін бағалау және жаңа әрі тиімді шаралар топтамасын ұсыну тапсырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев нарықты өзіне ыңғайлап алатын, өндірушілер мен тұтынушылардың есебінен үстеме пайда табатын жасырын делдалдардың көбеюіне жол бермеу қажеттігін айтты. Оның пікірінше, өңірлерде осындай делдалдық әрекеттерді тергеп-тексеру жөнінде комиссия құру қажет.

Құрғақшылық және жем-шөп мәселесі
Мемлекет басшысы шаруаларды жем-шөппен қамтамасыз етуді тағы бір алаңдатып отырған мәселе ретінде атап өтті. Оның айтуынша, ауа-райының қолайсыздығынан және болжам жасау жұмысының тиімсіздігінен ахуал ушығып кеткен. Бір ғана Маңғыстаудың өзінде 3 мыңға жуық мал қырылып қалған.

– Әкімдіктердің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан дұрыс шешім қабылданбаған. Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтуда. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен, бұл – мәселенің бір жағы ғана. Ең алдымен, осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді. Бірақ, министрлік бұл жұмысты тиімді ұйымдастыра алған жоқ. Сондықтан осы салаға бірден-бір жауапты тұлға ретінде министр Сапархан Омаровтың отставкаға кеткені дұрыс деп есептеймін, – деді Президент.


Жиын барысында Үкімет пен әкімдерге "Бәйтерек" холдингімен бірлесіп, зиян шеккен фермерлерге қолдау көрсету үшін шұғыл түрде кешенді шаралар әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.
Мемлекет басшысы тұрғындардың нақты әрі номиналды табысының өсімі азайып, табыс түрлеріндегі өзгерістер де көңіл көншітпейтінін айтты. Сондай-ақ Президент зейнетақы, жәрдемақы және стипендия сияқты әлеуметтік трансферттер артқанымен, еңбек табысы азайып бара жатқанына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағытта шұғыл әрі ауқымды шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл шаралар еңбек табысы мен кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түсетін табысты арттырып, көлеңкелі экономиканың ауқымын азайтуға және басқа да бастамаларды қамтуға тиіс.

– Ауылдың ахуалына баса назар аудару қажет. Менің тапсырмам бойынша Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылды. Нәтижесі жаман емес – ауыл шаруашылығы өнімін өндіру екі есеге артты, мал басы 24 пайызға өсті. Жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, тіркелмей өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны азайды. Үкімет бұл жобаның ауқымын кеңейту мүмкіндігін қарастыруы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақылы жолдар мәселесі Үкіметтің қадағалауына ұсынылды
Президенттің пікірінше, жол жөндеу жұмыстарының сапасына байланысты айтылатын сындар орынды. Бұл, әсіресе, ақылы жолдарға қатысты өзекті болып отыр.

– Жуырда алысқа жүк тасымалдайтын жүргізушілер наразылық білдірді. Ақылы жолдарды енгізу – әлемдік тәжірибеге сай дұрыс шешім. Алайда, біз сияқты жер көлемі үлкен елде тек бюджет есебінен жол салу мүмкін емес. Оның үстіне, Қазақстан жүк тасымалынан пайда табуы керек. Бірақ ол үшін сапалы жолдар салынып, жол бойында жоғары деңгейде қызмет көрсетілуі керек. Бизнес пен азаматтар жол инфрақұрылымының жаңа сапасын сезінуі қажет. Үкімет аталған мәселені ерекше бақылауға алғаны жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Энергетика министрлігі мен "Самұрық Қазына" қорына, соның ішінде, "Қазмұнайгаз" компаниясына жанар-жағар май нарығына ықпал ететін мұнай өңдеу зауыттарындағы ахуалды қатаң бақылауға алуды, сондай-ақ, Үкіметке Қормен бірлесіп, Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспардан тыс тоқтап қалуына байланысты жағдайға кінәлілерді жауапқа тарту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Қаржылық мониторинг агенттігі мен Есеп комитеті қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында қаржыны жылыстатуға байланысты астыртын әрекеттердің бар-жоғын тексеріп, оның нәтижесі туралы қыркүйектің басында есеп беруі тиіс.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы туралы айтты. Мемлекеттік қызметшілер еліміз үшін осындай сын сағатта жұдырықтай жұмылып, батыл қадамдарға барып, өздерінің қарым-қабілеттерін көрсетіп, шұғыл шешімдер қабылдауы қажет екенін мәлімдеді.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар