$ 494.87  520.65  4.91

Даниал Ахметовтің тапсырмасымен! «Вакцинацияға келмесе, дәрігер үйіне іздеп барсын»

Қаланың «қызыл аймаққа» өткендігі әсер етті ме, семейліктер вакцина салдыруға келмесе, дәрігерлер үйіне іздеп баратындай қадам жасауға дайын екендігін аңғартты.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

ШҚО бас санитарлық дәрігері Қанат Тұрдиевтің жаңа қаулысында Семей қаласының «қызыл аймаққа» енгендігін мәлімдеді. Бүгінгі күні облыс аумағында коронавирустың  31 186 жағдайы тіркелгені белгілі болып отыр. Оның  9 391-і Өскеменде болса, ал  Семейде-8 960 фактісі расталған. Аурудың дендеп өсуі вирустың «дельта штаммының» кең таралуымен байланысты болып отыр. Инфекцияның таралуына қатысты Қанат Тұрдалев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбеков арнайы баспасөз мәслихатында толығырақ айтып берді.

- Қаулыға сәйкес, Семейде «Ashyq» жобасына қатысатын объектілерді қоспағанда, қалааралық, облысаралық, қалалық, тұрақты және тұрақты емес автобус және шағын автобус тасымалдары тоқтатылады. Жабық жағажайлар  қызметіне тыйым салынады. «Ashyq» жобасына қатысатын нысандарды қоспағанда, демалыс және мереке күндері қоғамдық көлік пен қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметіне тыйым салынады. Фитнес-орталықтар, фитнес-клубтар, спорттық-сауықтыру орталықтары, ашық базарлар мен жәрмеңкелер, спорт нысандары, «Ashyq» жобасына қатысатын объектілерді қоспағанда, түрлі үйірмелердің қызметіне тыйым салынады. Спорт нысандарының жұмыс уақыты сағат 20:00-ге дейін ғана. Ал сауда-ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері 18:00-ге дейін жұмыс істей алады. «Ashyq» бағдарламасына қатысатын қоғамдық тамақтану объектілері 20:00 – ге дейін, ал бағдарламаға енбегендері 18:00-ден соң жабылуы тиіс. Қаулы 21 шілдеден бастап күшіне еніп, ресми күшін жойғанға дейін қолданылатын болады, – деп хабарлады Қанат Тұрдиев.

Брифингте сондай-ақ, бүгінгі таңда қауіпті вирусқа қарсы тұрудың жалғыз жолы-вакцинация екені атап өтілді.

–Қазіргі таңда біздің облыс вакцинаның бірінші және екінші компоненттерімен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. Бүгін «Спутник V» қосымша вакцинасы жөнелтілуде. Егер біз бұрынғы өмірге оралып, «жасыл» аймақта болғымыз келсе, сөзсіз вакцинациялау қажет. Вакцинацияланған адамдар да вирус жұқтыруы мүмкін деген сөздер айтылуда. Ия, бұл мүмкін, бірақ пайызы өте аз. Біз коронавируспен ауыратындардың барлығына талдау жасадық. Нәтижесінде вакцинацияланғандардың саны тек 1,4%- шамасында ғана екені мәлім болып отыр, - деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбеков.

Қала тұрғындарына вакцина салу нәтижесінің төмен болуы Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов үшін де жайсыз болған сыңайлы. Қаланың «қызыл аймаққа» өткендігі әсер етті ме, семейліктер вакцина салдыруға келмесе, дәрігерлер үйіне іздеп баратындай қадам жасауға дайын екендігін аңғартты.

-... Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша Семейге ШҚО денсаулық сақтау басқармасы мен санитарлық бақылау департаментінің басшылары жағдайды бағалау үшін келді. Біз олармен бірге қалалық емханаларға барып, сол жерде жоспардың қалай орындалатынын анықтадық. Алайда көрсеткіштер әлі де өте төмен деңгейде. Волонтерлерді тарта отырып, учаскедегі әр пациентті қамти отырып түсіндіру жұмыстарын көбірек жүргізу керек. Егер адам вакцинацияға келмесе, дәрігерлер оған өздері келуі керек. Олай болмаса, инфекцияның біздің қоғамға қауіпі арта түседі. Семей тұрғындарына ыңғайлы болу үшін, вакцинацияны барлығына қолжетімді ету үшін Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша біздің қалаға арнайы жабдықталған 6 автобус - қосымша мобильді егу пункттері жіберілді. Олар адамдар көп шоғырланған қаланың аудандарында тұр,-деп мәлімдеді қала басшысы Б. Байахметов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары