$ 494.87  520.65  4.91

«Бүгін шанышқы басады, ертең пышақ сұғудан тайынбайды» - Сәуле Әбілдаханқызы

Күні кеше әлеуметтік желілерде Түркістан облысында отбасылық жанжал барысында қайын әпкесі 40 жастағы келінінің бетін ыстық шанышқымен күйдіргені жайлы оқиға жарияланды.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Күні кеше әлеуметтік желілерде Түркістан облысында отбасылық жанжал барысында қайын әпкесі 40 жастағы келінінің бетін ыстық шанышқымен күйдіргені жайлы оқиға жарияланды. Бұл туралы жазған журналист Гүлмира Әбіқай Гүлзира есімді келіншектің туғаннан ақыл-есінде тежеуі бар екенін, ата-анасы бала кезінде қайтыс болып, жетім өскенін айтады. Журналистің сөзінше, қайынәпкесі оның көнбістігін пайдаланып, әбден қорлық көрсетіп келген. Кейін келініне зәбір көрсеткен қайын әпкесінің  халықтан кешірім сұраған бейне жазбасы тарады. Осы оқиғаға қатысты қоғам белсендісі, журналист Сәуле Әбілдаханқызы пікір білдірді, деп жазады Skifnews.kz ақпараттық порталы.

«Бұл әйелдің өз отаны (отбасы, шаңырағы, бала-шағасы) бар ма өзі? Жасы нешеде? Не деген жауыз?! Сұмдық!!! Өзіміз келіндерімізге шанысқы баспақ тұрмақ, қабақ шытуға ыңғайсызданамыз. Мынандай жауыздық, қатыгездік көрсетпек түгіл, бұл әйелдің ол үйге келіп-кетуге құқығын шектеу керек. Істеген қылмысы үшін, әлсізге, мүгедекке көрсеткен қорлығы үшін жауапқа тартылсын! Бүгін шанышқы басады, ертең пышақ сұғудан тайынбайды мұндайлар. Мұндай жауыздардың қоғамда көбеюі де – «кешірім сұрай салам, кешіре салады» дегеннен. Жауапқа тартылатынын білсе, мұндай жауыздар да азаяр еді», - дейді ол.

Журналист «қайын апа, қайын сіңлі» статусы бар қазақ әйелдері мен қыздарына қатысты ойын айтты.

«Шыққан қыз шиден тысқары», дейді қазақ. «Қыз – қонақ» дейді. Өзімізді әжеміз де, ата-анамыз да солай тәрбиеледі. «Қонақсың, орныңды біл, бұл үйдің тірлігіне араласпа, келіннің өз қазаны, не істесе де өзі біледі, тыныш келіп, тыныш кетіңдер...» дегенді біз тұрмысқа шықпай жатып құлағымызға құйып тастаған. Төркінімізге қонақ боп барып, қонақ боп қайтамыз, өздері сұрамаса, айтпаса, еш тірлігіне тұмсығымызды сұқпайды екенбіз. Келінге қатал мінез көрсететін енелерді аз-кем түсінуге болады. Ай, «қайын апа, қайын сіңлі» статусы бар қазақ әйелдері, қыздары, өз орындарыңды білсеңдерші! Ата-анаңның шаңырағына айында-жылында бір қонақ боп келіп-кетуге ғана сендердің құқықтарың бар. Басқа ештеңеге, тіпті, ол үйден (өздері бермесе) рұқсатсыз зат алуға құқықтарың жоқ! Үй жинала ма, жиналмай ма, пеш жуыла ма, жуылмай ма, - оған араласуға қақың жоқ! Ол сол келіннің өз үйі, өз мүлкі. Қожайын сол!  Не істесе де өзі біледі!  Сендер ол шаңырақтан басқа елге кеткен адамсыңдар, бөтенсіңдер! Қонақсыңдар!  Егер келін ата-анаңа, ініңе, бауырларыңа күн көрсетпей жауыздық жасаса, жезөкшелік, алаяқтық т.б.  заңға қайшы қылмыс жасап жатса, сонда ғана заң шеңберінде олардың ісіне араласа аласың. Басқа уақытта жуас аға-жеңге, жуас іні-келіндеріңнің өмірлеріне тұмсықтарыңды тыға бермей, өз орындарыңды біліңдер!», - деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары