Дәл қазір Қазақстан спортшылары Токиодағы XXXII жазғы Олимпиада шеруінде жүріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ашылу салтанатында алдымен Грекиядан келген спортшылар топ бастап шықты. Бұл тұңғыш Олимпиада өткен ел ретінде дәстүрге айналған. Одан кейін әлемнің әр қиырында шашырап жүрген адамдардан жиналған босқындар құрамасы шықты.
Қазақстандық 97 саңлақ күншығыс елінде спорттың 28 түрінен бақ сынайды.
Токио төрінде Қазақстан жалауын боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова ұстап шықты. Биылғы Олимпиаданың бір ерекшелігі - әрбір мемлекеттің туын ұстап шығу мәртебесі екі спортшыға жүктеледі.
Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті айтулы аламанға баратын тізімді нақтылау мақсатында іріктеу және рейтингтік жарыстары аяқталғаннан кейін қорытынды шығарды.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде биыл жетінші Олимпиадаға аттанды. Қазақстан құрама сапынан 96 спортшы алғаш рет 1994 жылы Жазғы Олимпиадада бақ сынауға мүмкіндік алған еді. Сол жолы отандастарымыз 3 алтын, 4 күміс, 4 қолаға қол жеткізіп, жалпы командалық есепте 24-орынға табан тіреді.
2000 жылы Австралияның Сидней қаласындағы дүбірлі додаға 130 қазақстандық спортшы бар. Қоржынға түскені - 3 алтын, 4 күміс. Жалпы командалық есепте - 22 орын.
Грекияның Афины қаласында өткен 2004 жылғы Жазғы Олимпиадада 119 спортшымыз қоржынға 8 медаль түсірді. Оның ішінде 1 алтын, 4 күміс, 3 қола бар. Жалпы есепте 40 орын бұйырды.
Ал 2008 жылғы Қытай астанасы Бейжің қаласындағы дүбірлі додада 132 қазақстандық спортшы бақ сынады. Саңлақтарымыз 2 3 алтын, 4 күміс, 9 қола медаль алып қайтты. Жалпы командалық есепте 37- орын бұйырды.
Англияның Лондон қаласындағы 2012 жылғы Олимпиадада еліміздің атынан 115 спортшы жарыс жолына шықты. Олар 3 алтын, 1 күміс, 7 қола медаль алды. Командалық есепте 24-орынға қол жеткізді.
2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында қазақстандық 104 спортшы 18 медаль (3 алтын, 5 күміс, 10 қола) олжалады. Жалпы командалық есепте 22- орынға табан тіреді.
Еске сала кетсек, бұдан бұрынғы Жазғы Олимпиадаларда Қазақстан туын қандай спортшылар алып шыққанын хабарлаған едік