Энергетика министрілігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Күдікті параны Талғар АЭЖ басшыларынан алған көрінеді. Бұл ақшаға «рахмет» ретінде ол осы мекемедегі электр энергетикасы саласындағы тексеру нәтижелері бойынша оң қорытынды берген. Ал, параны алу үшін департамент басшысы өзінің қоластындағы қызметкерді делдал ретінде пайдаланған.
Күдіктілер өздеріне тағылған айыптың бәрін мойындағандықтан, олар қамауға алынған жоқ. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.