Елдің бес қаласында 2 тамыздан бастап шектеу шаралары күшіне енеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөнінде отырыс өтті.
Вице-премьер Денсаулық сақтау министрі мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды, Атырау облыстары басшылығының өңірлердегі эпидемиологиялық жағдай туралы есебін тыңдап, медициналық ұйымдар мен халықты қажетті дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен толыққанды және үздіксіз қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Шара барысында тамыз айының басынан бастап орталық мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді, құқық қорғау органдарын, денсаулық сақтау ұйымдарын, БАҚ-ты, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, «Ashyq» жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметін тоқтата тұру туралы шеім қабылданды.
«Ведомствоаралық комиссия елдегі тәуліктік сырқаттанушылықтың 65% және тәуліктік өлім жағдайларының 55% құрайтын Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларында карантиндік шараларды күшейту туралы шешім қабылдады. Ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік және өзге де бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу, мемлекеттік органдар, кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 80% қашықтықтан жұмыс істеуге ауыстыру (вакцина салдырғандарды және соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылғандарды қоспағанда). Сондай-ақ, Ақмола, Алматы, Қарағанды облыстарының әкімдіктеріне Нұр-Сұлтан (Бурабай, Целиноград, Аршалы аудандары), Алматы (Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары), Шымкент қалаларымен (Сайрам, Төлеби аудандары), Қарағандымен (Теміртау, Шахтинск, Абай) шекаралас аудандарында карантиндік шараларды күшейту бойынша шаралар қабылдау ұсынылды», - деп хабарлады Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия.
Өңірлердің әкімдіктеріне шектеулер енгізу және олардың сақталуын бақылау бойынша барлық шараларды қабылдау тапсырылды. Вице-Премьер коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы күресте мониторингтік топтар жұмысының маңыздылығын және барлық өңірде осы бағыттағы белсенділіктің төмендігін атап өтті.
ШОБ нысандарын рейдтермен қамтудың барынша төмендеуі Ақтөбе, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола, Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалады. Анықталған бұзушылықтар санының төмендеуі Маңғыстау, Павлодар, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарында байқалады. Е.Тоғжанов барлық өңірде мониторингтік топтардың жұмысын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, вице-премьер еліміздің кейбір өңірлерінде вакцинацияның төмен қарқынын атап өтті.
«Маңғыстау облысында халықтың тек 25,6%-ы 1-ші компонентпен егілді, бұл республика бойынша орташа мәннен 2 есе төмен (52,4%). 6 өңірдің (БҚО, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Жамбыл, Павлодар облыстары) көрсеткіштері ел бойынша орташа мәннен айтарлықтай артта қалып отыр.Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2021 жылғы 14 шілдедегі №32 Қаулысына сәйкес ағымдағы жылдың 10 тамызға дейінгі мерзімде қызмет көрсету саласының барлық қызметкерлері КОВИД-19 вакцинасының бірінші компонентімен екпе алуы тиіс», - делінген хабарламада.