05.07.2021, 11:40

Шала туған нәрестелерге киім тоқитын дәрігер

Фото: ашық дереккөз
Еріктілер – нағыз жауынгерлер, бүгінгі заманның батырлары. Олар адамдар көмекке мұқтаж кезде ешқашан шетте қалмай, бірден білек сыбана кірісіп кететін күрескерлер. Осындай жауынгерлердің бірі - дәрігер-реабилитолог Латиф Парпиев.

Еріктілер – нағыз жауынгерлер, бүгінгі заманның батырлары. Олар адамдар көмекке мұқтаж кезде ешқашан шетте қалмай, бірден білек сыбана кірісіп кететін күрескерлер. Осындай жауынгерлердің бірі - дәрігер-реабилитолог Латиф Парпиев. Медицина саласы мен қайырымдылық жұмыстарын ұштастыра білген маман. Ол неврологиялық, ортопедиялық, отадан кейінгі инфекциядан ауыратын балаларды оңалтып, жүруге, отыруға үйретеді. Ол сонымен қатар, шала туған сәбилерге арнайы киім тоқиды. Skifnews.kz порталы назарларыңызға дәрігерлігімен қатар, ерікті болып жүрген Латиф жайында материал ұсынады.

«Балаларда мүгедектікке қатысты болатын асқынулар көбіне ұқсас келеді. Яғни көбінесе белгілі бір бұлшықеттер зақымданады. Оның үстіне біздің елде сәбилер диагностикасы бойынша тиісті мамандар аз. Осыған орай мен «Реанимация жағдайында балалардың ерте диагностикасы», «Жаңа туған сәбилер патология жағдайында балалардың ерте диагностикасы», «Ата-аналар мектебі» атты жоба аштым. Ондағы негізгі мақсат – балалар арасындағы мүгедектік деңгейін төмендету, реанимацияда немесе қандай да бір аппаратта жатқан кезде балаларда болуы мүмкін асқынуларды жеңілдету», - деді ол. 

Латиф Қазақстанның бірнеше қаласына барып, әріптестеріне шеберлік сабақтарын өткізген. Өкінішке қарай, елімізде мұндай мамандар көп емес, сондықтан мұндай іс-шаралардың ерекше маңызы мен қажеттілігі бар. Оңалту дәрігері күніне шамамен 10 пациентті қабылдайды. Таңертең балалардың бұлшық еттерін қозғалтумен айналысады, оларға гимнастика жасайды, түстен кейін кеңес береді.

Латиф сонымен қатар, «28 ілмек клубы» халықаралық қорының вице-президенті.   Клуб мүшелері шала туылған нәрестелерге арнап түрлі киім тоқиды да, балаларды емдейтін реанимация бөлімшелеріне тегін таратады. Статистикаға сәйкес, Қазақстанда жыл сайын 250 мыңнан астам бала шала туылады. Олардың салмағы мың грамнан аспайды. Ал, жүннен тоқылған киімдер балалардың жүйке жүйесіне әсер етіп, олардың жылдам оңалуына көмектеседі. Дәрігер тоқумен бос уақытында үйде, кафеде, ұшақта айналысады. 

«Бұл топ шала туған балаларға жүннен тоқылған киімдермен қамтамасыз етіп, олардың жылдам оңалуына жағдай жасайды. Клуб 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді, қазіргі таңда әлемнің 12 елінде (150 қала) ашылған. Сондай-ақ балалардың әлеуметтік адаптациясымен айналысатын «Best for kids» қоғамдық қоры және онко-орталықтардағы балаларды емдеумен айналысатын «Мейірім сыйла» тобында еріктімін. Қазір бос уақыт көп бола бермейді. Бірақ, жіп пен ілмек үнемі сөмкемде жүреді, қолым босай қалса, бірден тоқуға отыра қаламын», - дейді дәрігер.

Парпиев төрт жасынан бастап дәрігер болуды армандаған. Өз саласындағы үздік мамандардың бірі болуға мақсат қойған. Жасөспірім шағында ел астанасында тұруды ойлайды. Бүгінде Латиф Дауранұлы Парпиев тамаша дәрігер және ол 2013 жылдан бері Нұр-Сұлтанда тұрады.

Айта кету керек, ол «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына ұсынылған үздіктер қатарынан.